СҚО Кәсіпкерлер палатасына жаңа басшы келді. Бұл қызметті енді Есжан Оразалин атқарады. Мұндай шешімді «Атамекен» ҚР Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының басқармасы шығарған, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Оразалин Есжан Қабиұлы 1970 жылы 7 қарашада Солтүстік Қазақстан облысы Сергеевка қаласында дүниеге келген. Мамандығы — ғалым агроном. Екінші мамандығы — заңгер.
Еңбек жолын 1989 жылы бастаған. Әр жылдары МемжерҒӨО Солтүстік Қазақстан филиалында инженер-жерге орналастырушы, Солтүстік Қазақстан облыстық жер ресурстарын басқару комитетінің бас маманы болып жұмыс істеді.
2004 жылдан 2022 жылға дейін Есжан Оразалин Солтүстік Қазақстан облысының кәсіпорындарында басшылық етті. Алғашқы үш жылда «Продкорпорация» АҚ филиалы директорының орынбасары болып жұмыс істеді, содан кейін бес жыл бойы осы кәсіпорынды басқарды. 2014 жылдан бастап 8 жыл бойы «Солтүстік «ӘКК»АҚ Басқарма төрағасы лауазымында еңбек етті.
Осыған дейін Солтүстік Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасын басқарған Тимур Бекеев қазір Алматы облысындағы филиалға жетекшілік етеді.