Есіл аудандық ауруханасында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оған облыстық бюджеттен 98 млн теңге бөлінген. Нысанның шатыры алмастырылып, жаңа терезелер орнатылмақ. Бүгіндері шаруаның 54%-ы тындырылған, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Есіл аудандық ауруханасында жөндеу жұмыстары мамыр айының 22-сі басталған. Мердігер компания өкілдері бүгіндері ғимараттың шатырын алмастырып жатыр. Оған 65,7 млн теңге қаржы бөлінген.
«Құрылысшылар аурухананың ескі шатырын алып тастап, қазір жаңасын салып жатыр. Желдету жүйелерін тазартып, жаңа шахталар орнатуда. Нысанда 10 адам еңбек етіп жүр. Шаруа 54%-ға тындырылған. Келесі аптада терезелерді алмастыруға көшеді. Оған 32,1 млн теңге бөлінді. Жұмыстар кестеге сай жүргізілуде. Жөндеу шаралары қатаң бақылауға алынған», — деп мәлімдеді Есіл аудандық ауруханасы директорының міндетін атқарушы Екатерина Береснева.
Жалпы, жөндеу жұмыстары қыркүйек айында аяқталуы тиіс. Алайда, мердігер компания өкілдері шаруаны ертерек бітіруді жоспарлап отыр. Аурухана 55 жатын орынға шақталған. Бүгіндері мұнда 35 адам ем қабылдауда.
«Жөндеу жұмыстары науқастарға кедергі келтіріп жатқан жоқ. Барлығына тиісті ем-дом шаралары көрсетілуде», — дейді Екатерина Береснева.
Аурухананың негізі 1965 жылы қаланған. Әрине, әр жылдары жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бірақ мұндай ауқымды шаруа биыл ғана қолға алынып отыр.
Тағы оқыңыз: «Ұмай» бағдарламасы жанданады