СҚО-да арнасынан тасыған Есіл өзенінің суы 30-ға жуық саяжай учаскесін басты, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Есіл өзені сәуірдің 16-нан 17-не қараған түні арнасынан шығып, таси бастады. Осы ретте, қазіргі уақытта «Челябі-Новосібір» халықаралық маңызы бар тас жолы жабылған. Мұнда арнайы бекет қойылып, полиция мен құтқарушылар кеезкшілік етуде. Жалпы облыс орталығында 5 мыңдай саяжай учаскесі бар. Соның 30-ына су кірген.
«Жолды басқан судың ені — 120 метр, тереңдігі — 30-35 см. Ол жерге арнайы ескерту белгілері қойылды. Мұнымен қоса, су кірген «Речпорт», «Учитель» саяжай қоғамдастығы, Мичурино елді мекенінде «Первенец» саяжай қоғамдастығы біздің бақылауымызда. Жалпы мұндай жағдай жылда қайталанады. Адамдар жыл бойы тұратын саяжай учаскілеріне су кірген жоқ, бұдан бөлек тұрғын үйлерге келер қауіп жоқ», — дейді Петропавл қаласы бойынша ТЖ басқармасының басшысы Назымбек Елемесов.
Мамандардың болжауынша, Петропавлда Есіл өзені тасуының шарықтау шегі 19-20 сәуірде орын алады деп күтілуде.