Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Тоқсан би ауылының маңында Есіл өзені бір тәулікте 119 см-ге көтерілді. Жалпы соңғы 2-3 күнде бұл жерде су деңгейі 3 метрге артқан, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
«Қазгидромет» РМК облыстық филиалының мәліметінше, Шал ақын ауданының Крещенка елді мекенінің маңында Есіл өзені бірден 30 см-ге көтерілді. Мұнда су мұз үстіне шықты. Сергеев су қоймасында да өзгеріс бар, бір тәулікте 19 см-ге артып, күн жылынғалы су деңгейі 43 см-ге көтерілген. Қазір бөгет 89 пайызға толық.
«Өңірдегі шағын өзендердің де суы көтеріліп келеді. Мәселен, Возвышенка елді мекені маңындағы Ақанбұрлық өзенінің деңгейі бір тәулікте 29 см-ге, наурыз айының соңынан бастап 2 метрге толыққан. Бірақ әзірге қауіпті деңгейге жеткен жоқ», — делінген «Қазгидромет» РМК СҚОФ таратқан мәлімдемеде.
Тағы оқыңыз:Ғ. Мүсірепов ауданында су басу қаупі бар аймақтарда 200-ге жуық адам тұрады