Шариғат бойынша ер адамдарға алтын тағуға болмайды. Бұның өзіндік себептері бар. Мәселен, медициналық тұрғыда алтын ер кісілерге тән гормондық тепе-теңдікті бұзады деген пікір бар. Qazaqstan Media тілшісі «Қызылжар» орталық мешітінің наиб имамы Мақсат Жұмажановпен сұхбаттасып, алтынның неліктен ер адамдар үшін харам екенін егжей-тегжейлі сұрастырды.
Қазіргі уақытта шаңырақ көтергелі жатқан жұптардың көпшілігі неке жүзігін таңдарда ойланып қалатыны жасырын емес. Бұрындары қыз да жігіт те алтын таңдай берсе, соңғы кездері ер адамға алтын тағуға тыйым салынғандығы жайлы жиі еститін болдық. Расымен де, жігітке алтын бұйым тағу – харам. Дегенмен, мұның астарында бір мән жатыр.
«Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) көптеген асыл хадистерінде ер адамдарға алтын тағу мен жібек матадан киім киюге тыйым салынғандығы жайлы баяндап кеткен. Бұл тектен тек емес. Өйткені, алтын ұрықтың баяу қимылдауына алып келеді. Себебі, уақыт өте келе бұйым тотығып, химиялық реакцияға ұшырайды. Бұл жыныстық бездерге әсерін тигізіп, бұдан ер адам ұрпақсыздыққа душар болады», — дейді Мақсат Жұмажанов.
Осы ретте неден жасалған бұйымды, яғни жүзікті тағуға болады деген сұрақ туындайды. Мақсат Жұмажановтың сөзінше, күмісті қолдануға ер кісілерге рұқсат етілген екен. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзі көзі тірісінде күміс жүзік таққан. Достары мен сахабарларға да күміс тағу керектігін айтқан.
«Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Нұғман ибн Башир деген сахабаның қолына алтын жүзік таққанын көріп: «Неліктен жәннаттық әшекейлерді тағып алғансың», — деп алтын жүзік тағудан қайтарған. Екінші мәрте ол кісі темірден жүзік таққан кезде, бұған да рұқсат етпеген. Сахаба қандай жүзік тағайын деп сұрағанда, Ардақты Пайғамбарымыз күміс жүзік тағуды бұйырған», — дейді имам.
Алайда, әйелдер үшін алтынның тигізер зияны жоқ. Әсіресе, орта жасқа таяп қалған нәзікжандыларға керісінше пайдалы екен. Қан қысымы, жүрек ауруына шалдыққандар үшін емдік қасиеті өте зор.
«Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын: «Алтын мен жібек ерлерге харам, ал әйелдерге халал», — деп өз хадистерінде баяндап кеткен. Осыны негізге ала отырып, Ислам дініміз бойынша шын мәнінде тыйым салынған нәрселердің астында міндетті түрде үлкен хикмет жатқандығын біз аңғара алсақ болады екен», — деді Мақсат Жұмажанов.
Тағы оқыңыз: Петропавл саябағында әткеншектердің бірі істен шығып, балалар жарақат алған