Бірінші маусымнан бастап еліміздің республикалық маңызы бар автожолдарында ауыр жүк көліктерінің қозғалысына уақытша шектеулер енгізіледі. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы хабарлады, деп жазады Qazaqstan Media.
Аталған шектеулер жаз мезгілінде ауа температурасының көтерілуіне байланысты жол жамылғысын сақтау және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған.
Шектеу мерзімі мен уақыты солтүстік және шығыс өңірлерде — бірінші маусымнан 15 тамызға дейін, күндізгі сағат 11:00-21:00 аралығында. Бұл Абай, Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан және Қарағанды облыстары. Сонымен қатар, Қостанай, Павлодар мен Солтүстік Қазақстан өңірлері. Шектеулер +25°C жоғары ауа температурасы тіркелген күндері қолданылады.
Ал, оңтүстік және батыс өңірлерде — бірінші маусымнан 31 тамызға дейін, күндізгі сағат 10:00-22:00 аралығында шектеу енгізіледі. Ол Алматы, Атырау, Жамбыл мен Жетісу, Ұлытау облыстары. Сондай-ақ, Қызылорда, Түркістан және Маңғыстау облыстары бар.
«Шектеулер жол жамылғысын қорғау мақсатында енгізіледі. Жоғары температурада асфальт жамылғысы жұмсарып, ауыр жүктемеге төтеп бере алмайды. Бұл жол жабынының бұзылуына, ойықтар мен ақаулардың пайда болуына алып келеді. «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы жүк тасымалдаушыларды белгіленген тәртіпті сақтауға және маршруттарын шектеу режимін ескере отырып жоспарлауға шақырады»,-деп жазылған компания хабарламасында.
Тағы оқыңыз: Қазақстандық депутаттар киік етін сатып, табыс табуды ұсынды