Қазақстандағы су тасқынынан зардап шеккендерге қандай баспана салынатыны белгілі болды. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ресми өкілі айтты, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ресми өкілі Меруерт Ибраеваның айтуынша, министрлікте жедел штаб құрылып, жаңа тұрғын үй құрылысын қарастыратын кешенді іс-шаралар жоспары әзірленіпті.
«Жоспар аясында тұрғын үйлердің алдын ала екі жобасы әзірленді. Біріншісі — ауданы 80 шаршы метр болатын үш бөлмелі жеке тұрғын үй, ал екіншісі – жалпы ауданы 160 шаршы метр екі пәтерлі тұрғын үй. Әзірленген эскиздер мемлекеттік сараптамадан өтеді. Бұл жұмыс алдағы аптаның соңына дейін аяқталып, стандартты жобалар мемлекеттік сараптама қорытындысымен epsd.kz сайтында көпшілікке ұсынылады», — деді Меруерт Ибраева.
Министрліктің ресми өкілі ведомство басшысы кеше облыстық және республикалық ірі құрылыс компанияларымен де кездесіп, олардың ресурстарын жедел жұмылдырып, құрылысты тез арада бастау үшін кездесті.
«Сонымен қатар маңызды кезең су тасқынынан зардап шеккен үйлерді қалпына келтіру жұмыстарының көлемін анықтау үшін әкімдіктер техникалық тексеру өткізеді. Әкімдіктер су тасқыны тоқтаған кезде келтірілген шығынды есептейді», — деді Меруерт Ибраева.
Еске сала кетейік, 9 сәуірде президент Қасым-Жомарт Тоқаев өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевқа табиғи апат салдарынан қираған тұрғын үйлерді жедел қалпына келтіруді тапсырған болатын.
Тағы оқыңыз: «Қазгидромет» мамандары тәуліктік жұмыс режиміне көшті