Қазақстанда мамыр айынан бастап біршама өзгерістер орын алады. Атап айтсақ, тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жаза қатаңдатылады, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі, Halyq Uni-не сілтеме жасап.

Былтыр қыркүйекте президент тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдатуды тапсырған болатын. Осыдан кейін ішкі істер министрлігі бірқатар заңнамалық өзгерістер әзірледі. Біріншіден, тұрмыстық құқықбұзушылықты тіркеу арыздану сипатынан анықтау сипатына ауыстырылады. Бұл жәбірленушілердің арыз жазғанын күтпей-ақ, зорлық-зомбылық фактісі бойынша әкімшілік құқықбұзушылық туралы істерді қозғауға мүмкіндік береді. Екіншіден, тараптардың қайта татуласуына мүмкіндік берілмейді. Олар тек бір рет – сотта ғана татуласа алады. Үшіншіден, тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік күшейтіледі. Биыл наурыз айында парламент бұл түзетулерді мақұлдап, мемлекет басшысы заңға қол қойды. Осылайша Қылмыстық кодекске енгізілген өзгерістер 19 мамырда, ал Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске түзетулер 1 шілдеден бастап күшіне енеді.

Мемлекеттік баж ставкалары өзгереді

Жуырда салық заңнамасына заңдық маңызы бар іс-әрекеттер үшін мемлекеттік баждың кейбір ставкаларын қайта қарау бойынша өзгерістер енгізілді. Мәселен, мүліктік сипаттағы талап-арыздардан соттарда мемлекеттік баж сомасының жоғарғы шегі белгіленді:

жеке тұлғалар үшін – талап қою сомасының 1 пайызы, бірақ 10 000 АЕК-тен артық емес(1 АЕК – 3 450 теңге);

заңды тұлғалар үшін – талап қою сомасының 3 пайызы, бірақ 20 000 АЕК-тен артық емес.

Бұған қоса сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы өтінішхаттар бойынша ставканы қолдану тәртібі өзгертілді. Осылайша, мемлекеттік баж мөлшерлемесі өтініш берген субъектіге байланысты қолданылады. Бұл өзгерістер 21 мамырдан бастап күшіне енеді.

Негізгі ҰБТ

Биыл негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеу 16 мамыр мен 5 шілде аралығында өтеді. ҰБТ-ға тіркелу 28 сәуірде басталған болатын. Осы жылы тіркелу тәртібіне өзгеріс енгізілді. Бұрын талапкерлер тест тапсыруға бірден екі мүмкіндікке тіркелсе, осы жолы әрбір тіркелудің өз кезеңі болады. Түлектер 28 сәуір мен 6 мамыр аралығында бірінші мүмкіндікке, 6-14 мамыр аралығында екінші мүмкіндікке тіркеледі.

Осылайша, талапкерлер ҰБТ-ны екі рет тапсыра алады. Биылғы түлектер үшін ҰБТ тегін, ал қалғандары тесті ақылы түрде тапсырады.

Соңғы қоңырау күні ауысты

Биыл барлық орта мектепте сабақтар 31 мамырда аяқталады. Ал соңғы қоңырау 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні соғылады. 9 (10) сыныптарда қорытынды бітіру емтихандары 2-13 маусым аралығында, ал 11 (12) сыныптарда мемлекеттік бітіру емтихандары 5-19 маусым аралығында өткізіледі. 1 маусым жазғы каникулдардың бірінші күні болып саналады. Жазғы демалыстың ұзақтығы 92 күнді құрайды.

Тағы оқыңыз: Петропавлдың орталық алаңында жастарға арналған флешмоб өтті

Please follow and like us:
Subscribe
Notify of
guest
0 комментариев
Inline Feedbacks
View all comments
0
Would love your thoughts, please comment.x
()
x