Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мал есебін жүргізбейтін мал бағатындарға айыппұл салуды ұсынды. Мұндай шараларға Ақмола облысында сібір жарасын жұқтыру жағдайы себеп болған. Айдарбек Сапаровтың айтуынша, мал есепке алынбаған және уақытында вакцинацияланбаған, деп жазады Qazaqstan Media.
Ақмола облысында сібір жарасын жұқтыру фактісінен кейін, ауыл шаруашылығы министрлігі мал бағуға қатысты талаптарды күшейтпек. Ол малды вакциналау мен есепке алуға қатысты.
«Сиыр төлдеді ме, жеті күннен кейін бұзауды есепке алып, құлағына белгі қою керек. Автомат жүйе бар. Бірақ кейбіреулер бұл талаптарды елемейді. Жауаптыларға тапсырма берілді, үй аралап, азаматтарға талаптарды түсіндіруі керек. Енді мұндай жағдайда айыппұл қатаңдатылады, оның мөлшерін екі есе арттыруымыз мүмкін»- деді Сапаров Үкіметтегі брифингте.
Мал иелері ғана емес, сонымен қатар, сеніп тапсырылған аумақты дұрыс қадағаламаған ветеринарлар, малды ешқандай құжатсыз сататын сатушылар да жазаланады.
«Бүгінде малды тіркемегені үшін айыппұл мөлшері — 30 мың теңге . Малды базарларда ветеринарлық анықтамасыз сататаындар бар. Оларға қылмыстық жауапкершілік қарастырылады. Заңға осындай норма енгізуді жоспарлап отырмыз. Әйтпесе амал жоқ. Бұл салада бақылауды күшейту қажет», — деп толықтырды Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшысы.
Әзірге түзетулер дайындалып жатыр. Кейін ол депутаттардың қарауына жіберіледі. Бірақ заңға құлақ аспаған малшылар мен ветеринарларға қазірдің өзінде айыппұл салу жоспарда тұр.
Тағы оқыңыз: Петропавлда жасалған жолаушы вагондары Алматы – Саратов бағытында жолға шықты