2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап айлық есептік көрсеткіш 3932 теңгені құрайды. Қазақстанда айыппұлдар АЕК мөлшерімен есептелетіндіктен, олардың сомасы да артады. QM редакциясы кейбір әкімшілік құқық бұзушылықтарға салынатын айыппұлдардың өсуі туралы жазады.
Тыныштықты бұзу
Заң бойынша сағат 22.00-ден 9.00-ге дейін тыныштықты бұзуға болмайды. Жұмыс күндері сағат 22.00-ден таңғы 9.00-ге дейін шулауға болмайды. Демалыс және мереке күндері сағат 23.00-ден таңғы 10.00-ге дейін шулауға тыйым салынады. Тәртіп бұзған жеке тұлғаларға – 19 660 теңге, бір жыл ішінде қайталанса 39 320 теңге (10 АЕК) айыппұл салынады.
Ал кәсіпкерлерге салынатын айыппұл сомасы – 20-дан 150 АЕК дейін (78 640 – 589 800 теңге).
Қоғамдық орындарда ішімдік ішу
Көшеде, қоғамдық орындарда, соның ішінде подъезде ішімдік iшкен немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келген адамға 5 АЕК (19 660 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады. Ал 18 жасқа толмаған болса оның ата-анасы айыппұл төлейді. Бұзақылық бір жыл ішінде қайталанса 10 АЕК (39 320) мөлшерiнде айыппұл не бес тәулікке қамалады.
18 жасқа толмағандардың түнгі уақытта жүруі
Кәмелетке толмағандар заңды өкілдерінсіз 22.00-ден 6.00-ге дейін ойын-сауық мекемелерінде болса олардың ата-анасына 3 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Ал 18 жасқа толмаған бала 23.00-ден 6.00-ге дейін үйден тыс жерде жүрсе заңды өкілдеріне ескерту жасалады. Егер аталған әрекеттер бір жыл ішінде қайталанса баланың заңды өкілдеріне 27 524 теңге айыппұл салынады.
Ойын-сауық мекемесінің иелеріне де 10-нан 100 АЕК дейінгі мөлшерде айыппұл көзделген.
Автобуста жолақы төлемеу
Қалалық және қала маңындағы қоғамдық көлікте жолақыны төлмегендерге 7 864 теңге айыппұл салынады. Ал жолаушыларды билетсіз алып жүргені үшін 19 660 теңге айыппұл көзделген.
Тыйым салынған орындарда темекі шегу
Тыйым салынған орындарда темекі шеккені үшін азаматтарға 58 980 теңге айыппұл салынады. Құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса айыппұлдың көлемі 78 640 теңгеге дейін өседі. Автобус аялдамалары, балалар алаңдарында да темекі шегуге тыйым салынған.
Көлік салонында кәмелет жасқа толмаған балалар отырғында темекі шеккені үшін 39 320 теңге көлемінде айыппұл салынады. Осы заңсыз әрекет бір жылдың ішінде қайталанса, айыппұлдың мөлшері екі есеге артады.
Жолды кесіп өту
Жаяу кесіп өтуге рұқсат етілмеген жолды кесіп өткен адамға 2 АЕК (7864 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады. Бұл әрекет қайталанса немесе бұдан біреу зардап шексе 10 АЕК (39 320 теңге) мөлшерінде айыппұл төлейсіз.
Абаттандыру қағидаларын бұзу
Қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын, инфрақұрылым объектілерін бұзғаны үшін жеке тұлғаларға ескерту жасалады немесе 78 649 теңге айыппұл салынады. Бір жыл iшiнде қайталанса айыппұл сомасы – 30 АЕК (117 960 теңге). Ортақ пайдаланатын аумақта шлагбаум, автотұрақ кедергілері мен үй жиегіндегі учаскелерді басып алу секілді бұзушылықтар кіреді.
Балағаттау
Қоғамдық орындарда былапыт сөйлеу, жеке тұлғаларға зәбірлеп тиiсу және айналасындағыларға құрметпен қарамау әрекеттері үшін 20 АЕК мөлшерiнде айыппұл салынады. Немесе бестен 15 тәулiкке дейiнгi мерзiмге әкiмшiлiк қамаққа алуға алып келеді. Құқық бұзушылық бiр жыл iшiнде қайталанса 15 тәуліктен 30 тәулікке дейінгі мерзiмге әкiмшiлiк қамаққа алынады.
Қоғамдық орында түкіру
Қоғамдық орында түкіргені үшін, сондай-ақ белгіленбеген жерлерде қоқыс тастағаны үшін құқық бұзған адамға бірінші рет 19 660 теңге айыппұл салынады. Ал азамат осы әрекетін қайталаса, онда 10 АЕК (39 320 теңге) көлемінде айыппұл төлейді.
Тағы оқыңыз: СҚО-да көлігіне жалған нөмір таққан тұрғын қамауға алынды