Алтынай Таузарова 20 жылдан астам уақыттан бері Жамбыл аудандық ауруханасында еңбек етіп келеді. Талай науқастың өмірін сақтап қалған тәжірибелі маман білімі мен біліктілігін үнемі жетілдіріп отырады. Өйткені, медицина саласы соны талап етеді дейді ол. Дәрігермен Qazaqstan Media тілшісі тілдесті.
Алтынай Таузарова Жамбыл ауданның Железное ауылында дүниеге келген. Қарағандыдағы мемлекеттік медициналық университетті аяқтағасын туған жерге оралып, алғашында аудандық ауруханаға педиатр-дәрігер болып орналасады. Ал 2015 жылы «Психиатрия (Наркология)» мамандығы бойынша қайта даярлаудан өтеді. Сөйтіп, бүгіндері балалардың да денсаулығын бақылайды әрі ересектерге психиатриялық көмек көрсетеді. 26 жылын медицина саласына арнаған ол білімін де біліктілігін де уақыт өткен сайын жетілдіріп отырады. Өйткені, медицина саласы бір орында тұрған жоқ. Сондықтан заман ағымына ілесіп, өзгерістерді жылдам игеру керек дейді тәжірибелі маман.
«Оқушы кезімде мұғалім болғым келген еді. Балалармен жұмыс істеген ұнайды. Сондықтан да медициналық университетте жүріп педиатрия саласын таңдадым. Оған еш өкінген емеспін. Мектеп жасындағы қызым бар. Оның да менің жолымды қуып, медицина саласына барғанын қалаймын. Бірақ бәрін уақыт көрсетеді. Науқас бүлдіршіндердің емделіп шыққанын, қуанышты ата-аналардың жүзін көру мен үшін – үлкен бақыт. Олардың алғысын есту – үлкен сый», — дейді дәрігер.
Алтынай Таузарованың айтуынша, медицина қазір күн санап дамып келеді. Түрлі сандық технологиялар енгізілген, көп жағдайда құжаттарды толтыру автоматтандырылған. Сондықтан да ауыл мен қала арасында таңдау тұрса, тағы да ауылда қалғанды қалар едім дейді ол. Ақ халат киіп, дәрігер болғысы келетін жастарға да осыны айтады.
«Қалада болсын, ауылда болсын дәрігерге жұмыс табылады. Өйткені, басы ауырып, балтыры сыздаған әр адам біздерге жүгінеді. Сондықтан қайда жұмыс істеу маңызды емес. Әсіресе, ауылды жерде дәрігер болсаң көп тәжірибе жинайсың. Шұғыл түрде шешім қабылдауды үйренесің. Аудандық ауруханамыз қаладағы мекемелерден кем емес. Телемедицинамыз бар, керек барлық құралдармен жабдықталған. Тек ерінбей еңбек ету керек», — деп өз ойымен бөлісті Алтынай Таузарова.
Дәрігердің қажырлы еңбегі мен мамандығына деген адалдығын әріптестері де ерекше бағалайды.
«Өзінің кәсіби білімін үнемі жетілдіріп отырады. Жалпы, ауруханалық конференцияларға, ауруханалық кеңестерге, науқастардың клиникалық талдауларына, семинарларға белсенді қатысу арқылы өзінің біліктілігін жүйелі түрде арттырады. Жұмыста жауапты, өзінің лауазымдық міндеттерін орындауға жоғары кәсібилікпен қарайды. Аурухананың қоғамдық өміріне белсене араласады», — дейді Жамбыл аудандық ауруханасы директорының міндетін атқарушы Бақыт Қашағанова.
Тағы оқыңыз: Антикор: Ерлан Қожағапанов Петропавлда өткен форум кезінде қаражатты негізсіз жұмсаған