Ғ.Мүсірепов ауданының Червонное ауылында орналасқан мәдениет үйінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 82 млн теңге қаржы бөлінді, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Червонное ауылындағы мәдениет үйінің іргетасы 1977-ші жылы қаланған. Содан бері мұнда жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Тозығы жеткен ғимаратты қалыпқа келтіру үшін облыс қазынасынан 82 млн теңге бөлінді. Осылайша, нысандағы 180 орынға шақталған көрермен залы, спорт зал мен кітапхана толығымен жаңартылған.
«Мәдениет үйінің жағдайы мәз емес еді. Қабырғалар жарылып, төбеден су ағатын. Былтыр қаржы бөлініп ғимараттың шатыры ауыстырылды. Би залы мен сахна күрделі жөндеуден өтті. Жұмысты «Максимум север» ЖШС еңбеккерлері жүргізді», — дейді мәдениет үйінің директоры Наталья Синдякова.
Бұдан бөлек, жақын уақытта мәдениет үйінің қасбеті жаңартылмақ. Оған облыстық бюджеттен қосымша 30 млн теңге бөлінді.
Тағы оқыңыз: Шекарашылар ірі көлемде есірткі өткізбек болғандарды ұстады