Солтүстік Қазақстан облысында биыл үлкен су тасқыны болады деп күтілуде. Себебі, қар қалың түсті. Одан қалды көрші Ақмола облысындағы Шағалалы су қоймасына келетін су көпжылдық нормадан 21-43%-ға жоғары, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Бүгінгі таңда солтүстік өңір көктемгі су тасқынына жан-жақты дайындалып жатыр. «Қазгидромет» мамандары 1 наурыздан бастап күнделікті гидрологиялық бюллетень шығарады. Барлық болжамды және нақты ақпарат барлық мүдделі органдарға жіберіліп отырады.
«Болжамға сәйкес көктемгі су тасқыны ағынының күтілетін көлемі Сергеев су коймасында 1600-2400 млн текше метр болады. Ал қалыпты жағдайда ол 1296 млн текше метр болу керек. Жүргізілген талдау бойынша Петропавл қаласында күтілетін су деңгейі өткен жылғы ең жоғары көрсеткіштен (1016 см) 50-80 см жоғары болмақ», — деді «Қазгидромет» СҚОФ директоры Қымбат Мергалимова.
Бұл орайда Ақмола облысындағы Шағалалы су қоймасындағы су деңгейі де маңызды. Онда Қалқұтан, Жабай және Шағалалы өзендерінде су деңгейі жылдағыдан 21-43%-ға жоғары екен. Ал Сілеті және Астана су қоймасына келетін су 26-40%-ға төмен.
Обылстағы Сергеев су қоймасына келетін су мөлшері екі есеге көп, нормадан 57%-ға жоғары. Бұған әлі сәуір айында болатын жауын-шашын әсер етуі мүмкін. Синоптиктер сәуірде жауын-шашын кей жерлерде нормадан көп болады деп болжам жасап отыр.
«Сәуір айында жауын-шашын мөлшері нормаға жақын, кей жерлерде нормадан көп (норма:1 19 30мм) болады деп болжанады. Қар, жаңбыр бірінші онкүндіктің басында түсуі ықтимал. Бірінші, екінші және үшінші онкүндіктің ортасында жаңбыр жауады. Үшінші онкүндіктің ортасында тұман түседі», — деді Қымбат Мергалимова.
Тағы оқыңыз: Петропавлда Жұмысшы кентіндегі мектептер жөнделеді