Биыл Петропавлда 20-дан астам көше жөнделеді. Бұл мақсатқа бюджеттен 5,7 млрд теңге қаржы бөлінген. Бүгінде төрт көшеде жұмыстар басталды, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Қалада кептеліс болып, тұрғындарға қолайсыздық тудырмас үшін жөндеу жұмыстары екі ауысымда жүргізіліп жатыр. Қазір мамандар жолдың асфальт жабындысын қырып, жиек тастарды ауыстыруда. Қалалық әкімдіктің айтуынша, биыл шеткері орналасқан аудандарға да басымдық беріледі. «Ойқала» ықшам ауданы мен «Жұмысшы» кентіндегі көшелерде де орташа және ағымдағы жөндеу жүмыстары жүргізіледі. Көшелерді жөндеу жұмыстары қыркүйек айына дейін аяқталады деп жоспарланған. Шаруа барысын облыс және қала әкімі мен қоғам белсенділері, мәслихат депутаттары да қадағалайтын болады.
«Осыған дейін 2018 жылдан бері жыл сайын қала көшелерін жөндеуге 400 млн теңге көлемінде ғана қаржы бөлінетін. Себебі, осы уақытқа дейін қаражаттың басым бөлігі ескі үйлерді сүруге жұмсалды. Сондықтан биыл қала көшелерін жөндеуге қомақты қаржы бөлініп отыр. Уақытша ыңғайсыздық туындайды. Тұрғындарды түсіністікпен қарауға шақырамыз», — дейді Петропавл қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Эльмира Сәдуақасова.
Тағы оқыңыз: СҚО-да су қоймаларына балық дернәсілдері жіберілді