Биыл Петропавлда үш апатты үй сүріледі

Солтүстік Қазақстанда 279 ескі және 50 апатты деп танылған көпқабатты үй бар. Олардың басым бөлігі Петропавл қаласында орналасқан. Бүгіндері жалғыз баспанасы тұруға жарамсыз деп танылған 211 адам әкімдікте пәтер кезегінде тұр, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.

Петропавлдағы 28 апатты және 201 ескі үйдің мәселесі қоғамдық кеңесте қаралды. Облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жанат Сәдуақасов айтуынша, биыл қаладағы алты үйде жөндеу жүргізіледі. Оған 535,7 млн теңге жұмсалмақ. Сонымен қатар 11 үйді жөндеуге құжаттар дайындалып жатыр. Оның ішінде шатырды, жеделсатыны дұрыстау бар.

«2023 жылдың наурызында Солтүстік Қазақстан облысындағы апатты және ескі үйлердің тұрғындарын 2029 жылға дейін үйлерді сүру арқылы жаңа баспанамен қамтамасыз ету туралы жол картасы бекітілген еді. Осы бағдарламаға сәйкес, 2029 жылға дейін 569 пәтер иесіне жаңа баспана беру жоспарланған. Ал Петропавл қаласы бойынша, 2024-2029 жылдарға арналған апатты тұрғын үйді жаңарту бағдарламасын іске асыру тұжырымдамасы бар. Оның аясында үш апатты және 18 ескі үйді сүру жоспарланған», – деді Жанат Сәдуақасов.

2025 жылы төрт, 2026 жылы бес апатты баспананы сүру жоспарда тұр. Бұл өте аз. Жалпы алғанда ескі үйлердің санын азайту үшін, жоқ дегенде жылына 20 баспана жөнделуі қажет.
Ескі үйлердің көптігі біраз жылдан бері көтеріліп келе жатқан мәселе. Қоғам белсенділері де, халық қалаулылары да қала әкімдігіне сұрау салып, өз ұсыныстарын айтыпты.

«Бұл апаттық үйлерді сүру мәселесін біраз жылдан бері талқылап келеміз. Қалалық маслихат отырысында да көтеріп, тұрғын үй инспекциясынан тексеріс жүргузді және ТҮКШ басқармасынан үйлерді сүру бойынша кесте құруды сұраған болатынбыз. Ол кезде ешкім қозғалмады. Үйлердің өздігінен құлағанын күту керек пе», – деді қоғамдық кеңес мүшесі Павел Афанасьев.

Жанат Сәдуақасов, бұл мәселені бір жақты етеміз деп отыр. Және де ол, үйлерді сүріп жаңа баспана салғаннан гөрі, оларды жөндеген пайдалы дейді. Бұған қоса, көпқабатты үйлердегі жеделсатылардың да жағдайы мәз емес екен. Қазірдің өзінде 89 жеделсатыны шұғыл түрде жөндеу қажет. Оның біреуіне 23 млн теңге кетеді.

Тағы оқыңыз: СҚО мектептерінде жұмысшылардың құқықтары қорғалмай келген

Please follow and like us:
Subscribe
Notify of
guest
0 комментариев
Inline Feedbacks
View all comments
0
Would love your thoughts, please comment.x
()
x