Биыл Солтүстік Қазақстан облысындағы А-13 «Көкшетау – Кішкенекөл – Омбы» тасжолының проблемалық бөлігіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Шаруа елімізде басталған жол құрылыс-монтаждау жұмыстары маусымында атқарылады, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
«ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, күннің жылып, дайындық іс-шараларының уақытылы жүргізілуіне байланысты барлық республикалық маңыздағы автожолдар желісінде құрылыс-монтаждау жұмыстары басталды. Қазақстанда жалпы ұзындығы шамамен 7 мың шақырымды құрайтын республикалық трассалардың 206 учаскесі құрылыспен, реконструкциямен, күрделі және орташа жөндеу жұмыстарымен қамтылған. Шаруаның бір бөлігі биыл аяқталса, екінші бөлігі өтпелі жол нысандарының қатарына жатады. Құрылыс жұмыстарына 12 мың маман мен 8 мың бірлік арнайы техника жұмылдырылды. Биылғы маусым барысында аққайыңдар өлкесінің жолдары да жаңартылмақ. Яғни, А-13 «Көкшетау-Кішкенекөл-Омбы» тасжолының проблемалық бөлігіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі.