«Бір жасар баланы еденге алып ұрды»: Петропавлдағы өртке қатысты жаңа деректер белгілі болды

Петропавлда былтыр күзде әйел мен екі бала өрттен қаза тапты. Оқиғаға кінәлі ретінде келіншектің азаматтық некедегі күйеуі Александр Канищев күдікті деп танылып, қамауға алынған. Қазір аталмыш іске қатысты сот процессі өтіп жатыр, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.

Сот алқабилердің қатысуымен өтіп жатыр. Мұндай өтінішті алғашқы сот отырысында айыпталушы тарап білдірген болатын.

Айта кетейік, Александр Канищевке ҚР ҚК төрт бірдей бабы бабы бойынша айып тағылып отыр. Ол – бұзақылық, тонау, денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру және адам өлтіру. Олардың барлығын сот отырысы барысында мемлекеттік айыптаушы жіпке тізді. Алғашқы оқиға 2021 жылдың  қарашасында тіркелген. Александр Канищев өзімен бірге жалдамалы пәтерде қыдырған жандардың бірінің 20 000 теңгесін қолды қылған.

«Ақшасының жоғалғандығын көрген М. Д. Конгузин, бұл туралы өзгелерге хабарлайды. Осы уақытта Александр Канищев пәтерден шығып, қаша жөнелген. Оны отырыста бірге болған жігіттер қуып жетіп, ақшаны қайтаруды талап етеді. Бірақ Канищев қуғыншылардың шаршап, дұрыс тыныс ала алмай тұрғандығын көріп, ақшаны бермей қашып кетеді. Сөйтіп, М. Д. Конгузинге 20 000 теңге көлемінде материалдық залал келтірді. Осылайша, Александр Канищев ҚР ҚК 191-бабының 1-бөлігінде (тонау, яғни бөтеннің мүлкін ашық ұрлау) көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасады», —  деді облыс прокурорының аға көмекшісі Роза Жолаушинова.

Ал 2023 жылдың қыркүйегінде Александр Канищев  Заводской көшесі, 23 мекенжайында орналасқан  жатақханада достарымен ішімдік ішеді. Кейін музыка қойып, жастар шулай бастаған. Бұл әрине, көршілерге кедергі келтіреді.

«Осы уақытта жатақхананың 408 бөлмесінде азаматтық некедегі күйеуі Семеновпен тұратын Светлана Пасечная оларға түнгі уақытта қоғамдық орындарда шулауға болмайтындығын айтып ескерту жасайды. Мұны естіген Канищев оларды балағаттап, қастарына барады. Кейін Семеновтың бетінен ұрып жіберген. Осы уақытта Пасечная Александрды итеріп жіберіп, бөлмесінің есігін жауып алады. Бірақ мұнымен тоқтамаған Канищев олардың есігін тарсылдатып, қорқыта бастайды. Осыдан кейін зардап шеккендер полицияға хабар берген», — дейді мемлекеттік айыптаушы.

Ал сот-медициналық сараптаманың қортындысы Сергей Семеновтың мұрны сынғандығын көрсеткен. Осылайша, Александр Канищев ҚР ҚК 293-бабы 2-тармағының 2-бөлігі (бұзақылық) және ҚР ҚК 107-бабы 5-тармағының 2-бөлігінде (бұзақылық ниетпен жасалған денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру) көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтар жасады.

Сот отырысына жәбірленуші Светлана Пасечная да қатысып, Александр Канищевке ешқандай шағымы жоқ екендігін айтты.

Кейін мемлекеттік айыптаушы Роза Жолаушинова әйел мен екі баланың өмірін жалмаған өрт оқиғасының қалай болғандығын айтып берді. Қайғылы жағдай болардан бір күн бұрын Александр Канищев және оның азаматтық некедегі әйелі Алина Котяш пен оның бір жасар қызы Александра Котяш Волочаевская көшесі, 113 мекенжайында орналасқан Оксана Шараяның үйіне қонаққа келген.

«2023 жылдың 25-ші қыркүйегінде сағат 17:30 шамасында Александр Канищев жұмыстан келіп, ұйықтап қалған. Ал сағат жетілер шамасында оны балалар шулап оятқан. Содан ол айғайлап, ұрыса бастайды. Осы ретте балаларды қорғамақ болған Алина Котяш азаматтық күйеуімен жанжалдасып қалады. Әйелінің өзіне сөз қайтарғаны Александрға ұнамайды. Сөйтіп, ол келіншекті итеріп жібереді. Осы кезде кішкентай Александра анасына жармаса бастайды. Ашуға булыққан өгей әке бір жасар қызды еденге алып ұрған», — деді айыптау актісін оқыған прокурор.

Сәби алған жарақаттардан сол жерде қайтыс болады. Мұны көрген Алина Котяш қызының қасына барып, Александрды қылмыстық жауапкершілікке тартатындығын айтқан. Осы ретте Канищев азаматтық некедегі әйелін де қолымен тұншықтырған. Мұның барлығы Александрдың інісі Савелий Савицкийдің (екеуінің шешелері бір, ал әкелері басқа) көзінше орын алған. Әбден қорқып қалған 4 жасар бала қашуға да тырыспаған.

«Кейін Александр інісінің  бұл оқиға жайлы өзгелерге айтатындығын біліп, оны да еденге құлатып, тұншықтырып өлтірген. Осыдан кейін Канищев өзінің қылмысын жасыру үшін жәбірленушілердің киімдерін шешіп, балаларды көрпеге орап, денелерін кіреберіс бөлмеге апарады. Осы сәтте ол азаматтық некедегі әйелі Алина Котяш та өлді деп ойлайды. Алайда ол жай ғана есінен танып қалған. Оны да сүйреп балалардың қасына жатқызған. Содан соң Канищев от қойып, есікті іштен жауып алады. Ағаштан салынған бөлме лезде тұтанған. Бөлінген улы газдан Алина Котяш сағат кешкі тоғыздар шамасында уланып өлген», — деді облыс прокурорының аға көмекшісі Роза Жолаушинова.

Кейін Александр Канищев отырған бөлмеге де түтін кіре бастаған. Сол сәтте ол терезені сындырып сыртқа шығып, көмекке шақыра бастаған.

Сот-медициналық сараптамасы Алина Котяштың улы газдан уланып өлгенін көрсетті. Сондай-ақ оның денесінің 99 пайызын күйік шалған. Сондықтан оның басқа жарақаттарының бар-жоғын анықтау мүмкін болмады. Ал балаларға жасалған тексеріс олардың өртке дейін қайтыс болғандығын көрсеткен.

«Савелий Савицкийдің мәйіті үйдің кіреберіс бөлмесінен табылды. Алайда, мәйітті бастапқы және қайта зерттеу нәтижесі оның өрт болмай тұрып қайтыс болғандығын көрсеткен. Өйткені, оның тыныс алу жолдарында улы газдар мен ыс байқалмады. Яғни, бұл оның өрт кезінде тыныс алмағандығын дәлелдейді. Дәл осындай қортынды Александра Котяшқа қатысты да жасалды. Бірақ сәбидің сол жақ бас сүйегінің сынғандығы анықталды. Осыған сәйкес, Канищев Александр Евгеньевич ҚР ҚК 99-бабы 1, 3, 5-тармақтарының 2-бөлігі (екі не одан да көп адамды өлтіру, кінәлі адамға дәрменсiз күйде екенi көрінеу белгiлi адамды, айрықша қатыгездікпен өлтіру) және ҚР ҚК 99-бабының 3-бөлімінде (жас баланы өлтіру) көзделген құқық бұзушылықтар жасады деп айыпталып отыр», — деді мемлекеттік айыптаушы Роза Жолаушинова.

Сот отырысы барысында Александр Канищевтің анасы да куәгерлік етті. Оксана Шарая баласының азаматтық некедегі әйелі Алина Котяшпен жақсы тұрғандығын айтты.

«Бастапқы бетте екеуі менімен тұрды. Кейін өздері бөлек шығып кетті. Шыны керек басында мен Александраны менің немерем екен деп ойладым. Кейін ғана Алина оның өзге адамнан екендігін айтты. Мен жұмысқа кеткенде келінім менің кіші ұлым Савелийге де қарайласатын. Екеуі тату-тәтті тұрды. Бір-бірін қатты жақсы көретін. Сондықтан ұлым мұндай қатігездікке барды дегенге сенбеймін», — деді сот отырысында Оксана Шарая.

Оның бұл пікіріне Александр Канищевтің бұрынғы әйелі Татьяна Мартиашвилиде қосылып отыр.

«Бір жасар баланы еденге алып ұрды»: Петропавлдағы өртке қатысты жаңа деректер белгілі болды
«Бір жасар баланы еденге алып ұрды»: Петропавлдағы өртке қатысты жаңа деректер белгілі болды

«Екеуіміз төрт жыл бірге тұрдық. Кейін мен одан кетіп қалдым. Біздің  бес жасар қызымыз бар. Ол ешқашан маған қол көтеріп көрген емес. Балаларды жақсы көреді. Ол адам өлтірді дегенге сенбеймін. Қызымен жақсы араласады. Көмектесіп тұрады», — деді Татьяна Мартиашвили.

Тағы оқыңыз: СҚО-да екі бірдей лагерь апатты жағдайда деп танылған

 

Please follow and like us:
Subscribe
Notify of
guest
0 комментариев
Oldest
Newest Most Voted
Inline Feedbacks
View all comments
0
Would love your thoughts, please comment.x
()
x