Солтүстік Қазақстан облысында әдеп жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Онда қызметтік көлігімен әйелін жұмысқа жеткізіп тастаған СҚО бойынша тексеру комиссиясының төрағасы Қайрат Сейітқожаевтың ісі қаралды, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Оқиға 2024 жылдың желтоқсан айында болған. Түс уақытында СҚО бойынша тексеру комиссиясының төрағасы Қайрат Сейітқожаев қызметтік көлігімен әйелін жұмысына жеткізіп тастаған. Мұны оның қоластындағы жұмысшысы Марат Ебжанов видеоға түсіріп алған. Ал кейін ол компроматты СҚО мемлекеттік қызмет істері департаментіне жіберген.
«Ебжановтан келіп түскен өтініш негізінде қызметтік тексеріс жүргізілді. СҚО бойынша тексеру комиссиясының төрағасы Қайрат Сейітқожаев шынымен де, жұбайын жұмысқа жеткізіп тастағандығын айтты. Осылайша, ол ҚР Мемлекеттік қызмет туралы заңын бұзған», — деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің СҚО бойынша департаменті мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының басшысы Бақыт Жанбылов.
Осы үшін әдеп жөніндегі кеңес мүшелері Қайрат Сейітқожаевқа ескерту жасау туралы ұсыныс айтты.
Тағы оқыңыз: СҚО-да «Тұқым-2025» халықаралық көрме-конференциясы өтті