Бүгін тамызда өтетін ҰБТ-ға өтініш қабылдау басталды. Түлектер app.testcenter.kz сайты арқылы 10 күн ішінде тіркеле алады, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Бұл жолғы тестілеу алдынғыларында шекті ұпай жинай алмаған түлектерге арналған. Сынақ тапсырған балалар еліміздің университеттеріне тек ақылы негізде түсе алады, грант қарастырылмаған. Тіркелу ережелері сол қалпы, яғни болашақ студенттер емтихан күні мен уақытын, өткізілетін орнын өздері таңдауларына рұқсат. Дегенмен, соңғы мүмкіндіктерінде мектеп түлектері бейіндік пәндерін өзгертуге құқылы.
«Қаңтар мен шілде айлары аралығында өткен ҰБТ-да түлектердің кейбірі шекті балл жинай алмады. Енді сол балаларға ақылы бөлімге түсу мүмкіндігін беру үшін тамыз айында қайта тестілеуден өтуге жағдай жасадық. Әр пәннен шекті балл 5 ұпайды құрайды», — деді Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.
Тамыздағы ҰБТ-ға өтінім қабылдау бүгіннен басталып, 30 шілдеге дейін жалғасады. Ал тестілеудің өзі тамыздың 10-ы күні өтеді.
Тағы оқыңыз: Тамызда СҚО-да әкімдер сайлауы өтеді