Петропавлда азаматтық некедегі әйелі мен оның бір жасар қызын және өзінің төрт жастағы інісін өлтіріп, өртеп жіберді деп айыпталған азаматқа қатысты үкім шығарылды. Осыған дейін алқабилер ақтап шығарған Александр Канищев бұл жолы жазадан құтылмады, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.

Еске салсақ, оқиға 2023 жылдың қыркүйек айында болған. Петропавлдағы Береке ықшам ауданында орналасқан жеке үйлердің бірінде өрт шығып, жас келіншек пен екі баланың мәйіті табылды. Сол түні тек Александр Канищев қана аман қалған. Алайда араға біраз уақыт салып, отағасы қамауға алынады. Өйткені, сараптама қорытындысы екі баланың өртке дейін қайтыс болғандығын көрсеткен. Сөйтіп, оған азаматтық некедегі әйелі Алина Котяш пен оның бір жасар қызы Александраны, сондай-ақ өзінің төрт жастағы інісі Савелий Савицкийді өлтіріп, қылмысын жасыру үшін үйді өртеп жіберді деген айып тағылды. Бірақ мұнымен айыпталушы Александр Канищев келіспеді. Ол сот отырыстарында өзінің де өрт құрбаны бола жаздағанын және отбасын құтқара алмағандығын айтты.

Айта кетейік, осы оқиғаға дейін Александр Канищев үйінде анасымен жанжалдасып, шу шығарған. Оны тыныштандыра алмаған анасы полиция қызметкерлерін шақырған. Тағы Александр Канищев велосипед ұрлап, жатақханада тұратын көршісін ұрып, мұрынын сындырған.  

Бұдан бөлек, Александр Канищев танысын тонап, 20 мың теңгесін ұрлап кетті деп айыпталып отыр.

Былтыр қыркүйек айында алқабилер соты Александр Канищевті ақтап, ол сот залында босатылған болатын. Алайда мұндай шешіммен келіспеген прокурорлар апелляциялық шағым түсіріп, оны қараған облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы істі қайта қарауға жіберді.

Ал бүгін СҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алқабилер Александр Канищевке үкім шығарды.

«Александр Канищев ҚР ҚК 191-бабының 1-бөлігі (Тонау), ҚР ҚК 99-бабы 2-бөлігінің 1, 3, 5-тармақтары (Екі не одан да көп адамды өлтіру, кінәлі адамға дәрменсiз күйде екенi көрінеу белгiлi адамды, айрықша қатыгездікпен өлтіру) және ҚР ҚК 99-бабының 3-бөлігі (Жас баланы өлтіру) бойынша кінәлі деп танылып, өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалсын. Ол сот залында қамауға алынып, жазасын қауіпсіздігі төтенше жағдайдағы қылмыстық атқару жүйесінде өтейтін болады. Сондай-ақ, мәжбүрлі түрде алкоголизмнен емделсін», — деді үкімді оқыған СҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Ерлан Нұршәріпов.

Александр Канищев үкім оқылған соң өзінің мұндай шешіммен келіспейтіндігін айтты. Ол ешкімді өлтірмегендігін жеткізді. Баласының өмір бойына бас бостандығынан айырылғанын анасы да ауыр қабылдады. Ол есінен талып, жақындары жедел жәрдем қызметін шақырды.

Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ. 15 күн ішінде шағым түсіруге болады.

Тағы оқыңыз: Қарыз 500 миллион теңгеге жетті: СҚО-да 9 522 борышкер алимент төлемей жүр

 

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *