Ақпан айының алғашқы бейсенбісі әлем бойынша сайлау органдарының кәсіби мерекесі, дүниежүзілік сайлау күні аталып өтіледі. Осыған орай, облыстағы барлық аумақтық сайлау комиссияларында түрлі шаралар ұйымдастырылып жатыр. Басты мақсат –сайлау жүйесі туралы халықты ақпараттандыру, деп жазады Qazaqstan Media.
Дүниежүзілік сайлау күнін атап өту 2005 жылдан бастау алды. Бұл күннің мақсаты – сайлау жүйесінің қалыптасу және даму кезеңдері туралы жұртшылықты ақпараттандыру, сайлаушылардың электоралдық белсенділігін арттыру.
Осы датаға орай Петропавлдағы № 646 сайлау учаскесінде жастарды ақпараттандыру бойынша жиын өтті. Бұл СҚ кәсіптік педагогикалық колледж базасында ұйымдастырылатын сайлау орны. Мұнда тұрғындармен қатар, колледж студенттері де дауыс береді. Яғни, кейбір жастар азаматтық құқығын пайдаланып, алғаш саяси таңдауын жасайды.
«Мен төртінші курс студентімін. Сайлауға алғаш рет 18 жасымда қатыстым. Таңдау жасау әр адамның құқығы. Бізге сайлау құқығы берілген. Сондықтан, мемлекет дамуына, өз болашағымызға деген пікірімізді, көзқарасымызды, үлесімізді осы сайлау шаралары арқылы көрсете аламыз», — дейді Ахмет Әлібек.
Биыл үшінші ақпаннан алтыншы ақпан аралығында облыста аумақтық сайлау комиссиялары 60 түрлі іс-шара өткізбек. Онда жастардың демократиялық қоғам институты ретіндегі сайлау және сайлау процесінің негізгі кезеңдері, рәсімдері туралы білім деңгейін арттыруға назар аударылады.
«Петропавлда 97 сайлау комиссиясы бар. Онда 850 адам мүшелік етеді. Қала бойынша 157 мың сайлаушы бар. Саяси науқан кезінде учаскілерде өрескел заң бұзушылықтар тіркелмеді. Жұртшылық арасында сайлауға, референдумға қатысу белсенділігі жақсы», — дейді Петропавл қалалық сайлау комиссиясының төрағасы Кеңес Мұқышев.
Тағы оқыңыз: СҚО-да қызына пышақ сұғып алған анаға қатысты сот отырысы басталды