СҚО әкімі Азия ойындарының қатысушыларымен кездесіп, оларға ақшалай сертификат сыйлады. Жақында өткен Азиада ойындарында ел намысын қорғанан 500-ден астам спортшының 7-еуі солтүстікқазақстандық. Олардың 3-еуі жүлделі орындардан көрініп, ел қоржынына 1 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль салды, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Жазғы Азия ойындарында Қазақстан құрамасы спорттың 30 түрінен сынға түсті. Ал Азия ойындарының қорытындысы бойынша ел құрамасы барлығы 80 медаль жеңіп алды. Біздің спортшылардың қоржынында 10 алтын, 22 күміс және 48 қола жүлде жинақталған. Қорытынды медальдық есепте Қазақстан құрамасы 11-орынға тұрақтады.
«Азия ойындарына 7 солтүстікқазақстандық спортшы қатысты. Және жақсы нәтиже көрсете білді. Жалпы біздің облыс велоспорттан көш бастап тұрған өңірлердің бір. Оның бірден-бір дәлелі біздің мақтанышымыз Александр Винокуров пен оның жолын қуған Алексей Луценко. Азиада ойындарында бокстан жерлесіміз Наталья Богдановада қола медаль жеңіп алды. Басқа да спортшыларымыз өңір намысын қорғап, жақсы нәтиже көрсете білді. Енді, осы спортшыларымызға Парижде өтетін олимпиада ойындарында да үздік болуларына тілектеспін», — деді СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.
Жиын барысында Азиада чемпиондарына құрмет көрсетіліп, ақшалай сертификаттар табысталды. Ел қоржынына 5-ші алтын медальді салған Алексей Луценко 1,5 млн теңге сертификатпен марапатталса, Азия ойындарында қола жүлдеге ие болған Артем Захаров пен Наталья Богдановаға 750 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақы берілді. Өз кезегінде велошабандоз Алексей Луценко «Астана проТим» командасының атынан қолтаңба қойылған жейдесін облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовке сыйлады.
Велошабандоз Алексей Луценко тас жолдағы жекелей сайыста 39,7 шақырымды бірінші болып еңсеріп, алтын медальге ие болды. Осылайша, Алексей Азия ойындарының төрт дүркін чемпионы атанды. Ал ерлер арасындағы топтық жарыста ол әріптесі Евгений Федоровқа жол беріп, мәре сызығын екінші болып кесіп, күміс жүлдеге ие болды.
«Топтық жарыста мәреге соңғы шақырымдар қалғанда Евгенийге жол беруді шештім. Себебі, ол әлі жас. Әрі өте мықты спортшы. Өткен жылы жастар арасындағы әлем чемпионатында жеңіске жеткен болатын. Екеуміз бірге жаттығамыз. Дайындық барысында жеңіске деген құлшынысын көргенмін. Алтын медальға әбден лайық. Сол себепті де, оған жол беріп, мәре сызығына екінші болып келуді шештім», — дейді Азия ойындарының чемпионы Алексей Луценко
Кездесуде тек чемпиондарға ғана емес, олардың жаттықтырушыларына да құрмет көрсетілді. Спортшылардың бапкерлері 500 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақы алды.
«Спортшылардың және бапкерлердің еңбегін бағалап жатқаныңызға көп рахмет. Алдымызда Олимпиада келе жатыр. Оған да барымызды салып дайындаламыз. Өңірде спортқа жақсы көңіл бөлініп жатыр. Бұл бізді қуантады», -деді Азия ойындарының қола жүлдегері Н. Богданованың бапкері Дастан Қабденов.
Айта кетейік, еліміздің төрт спортшысы Париждегі Олимпиада ойындарына қатысуға лицензия ала алды. Солардың бірі- Алексей Луценко.