«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өңірде алдағы 2 жылда 46 медициналық мекеме бой көтереді. Облыстың әр ауданында дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік және медициналық пункттің құрылысы қолға алынбақ. Жылдың аяғына дейін 9 нысан қолданысқа беріледі деп күтілуде, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Қызылжар ауданына қарасты Прибрежное ауылында қазіргі таңда 1700-ге жуық үй түтін түтетіп отыр. Бүгіндері тұрғындар алғашқы медициналық көмекті ескі, қажетті қондырғымен жабдықталмаған ғимаратта алуға мәжбүр. Ал, күзде мұнда жаңа дәрігерлік амбулатория қолданысқа берілмек. Емдеу мекемесінің құрылысы биыл мамыр айында басталған. Оған ел қазынасынан 455 млн теңге бөлінді.
«Қазіргі таңда нысанның фундаментін құйып жатырмыз. Құрылыс алаңындағы жұмыстарға 5 маман мен 2 бірлік техника жұмылдырылды. Кірпіш Подгорное ауылындағы зауыттан жеткізіледі. Жалпы, қажетті материалдардың барлығы отандық өнімдер. Жұмыстар кестеге сай жүргізіліп жатыр. Біздің компания облыс бойынша 6 медициналық мекеменің құрылысын жүргізіп жатыр. Дәл осындай дәрігерлік амбулатория М. Жұмабаев ауданында тұрғызылуда. Сондай-ақ, Ғ. Мүсірепов ауданында 2 акушерлік пункт салып жатырмыз», — дейді «ГрадСтройСервис» ЖШС-нің СҚОФ директоры Сәрсенбай Асылбеков.
Дәрігерлік амбулаторияда 2 маман еңбек етеді. Бұл жерде алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, тиісті маманға жолдама беріледі.
«Емдеу мекемесіне заманауи қондырғылар сатып алынады. Осыған дейін дәрігерлеріміз отырған ғимаратта жылыту жүйесі нашар еді. Алдағы уақытта мұндай проблемалар болмайды. Яғни, мамандарға бар жағдай жасалмақ. Кадр мәселесі де шешіледі. Қазіргі таңда елді мекендерге жұмыс істеуге келетін дәрігерлерге төленетін әлеуметтік төлем көлемі де артты. Қалаға келетін ақхалаттыларға — 1,5 млн, ауылда еңбек ететіндерге — 2,5 млн теңге төленеді», — дейді СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұрболат Иманжанов.
Дәрігерлік амбулатория «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында тұрғызылып жатыр. Жалпы, аталған бағдарлама бойынша облыста 46 емдеу мекемесінің құрылысы жүргізілмек. Оған ел қазынасынан 2 млрд 400 млн-ға жуық қаржы бөлінген.
Тағы оқыңыз: Биыл Петропавлда 25 көше жөнделеді