Аққайың ауданына қарасты Власовка ауылында 400 басқа шақталған сүт-тауарлы ферма ашылды. Кешеннің құрылысы өткен жылдың шілде айында басталды. Ал осы жылдың қаңтар айында Австриядан симментал тұқымды ірі қараның алғашқы легі жеткізілді, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Жобаны іске асыру үшін «Гердт В.В» шаруа қожалығы 1 млрд 200 млн теңге бөлген. Бұл қаржыға сүт кешені салынды. Бұдан бөлек, осы жылдың қаңтарында фермаға Австриядан симментал тұқымдас ірі қараның 192 басы жеткізілді. Бұл мақсатқа кәсіпкер «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясынан төмендетілген пайызбен 500 млн теңге көлемінде несие алды.
«Несие 4 пайызбен берілді. 2 жылға жеңілдік кезеңі бар. Яғни, мен қарызды бірден емес, 2 жылдан соң қайтара бастаймын. Берешек 10 жылдың ішінде өтелуі тиіс. Біз үшін өте тиімді жоба. Мұндай бастамаларды әрбір кәсіпкер қолдануы тиіс. Симментал тұқымды қашарлар бекерден-бекер таңдалған жоқ. Тәжірибе көрсеткендей, малдың бұл түрі жаңа ортаға тез үйренеді әрі сүтті мол береді», — дейді «Гердт В.В» ШҚ басшысы Владимир Гердт.
Кешенде тәулігіне 20-25 литр, ал 1 жылда 2 мың тонна сүт сауылады. Қазіргі таңда шаруа қожалығында 60-қа жуық маман еңбек етеді. Орташа еңбекақы 220-280 мың теңге көлемінде.
Шаруа қожалығының басшысы Владимир Гердт биыл тағы «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына жүгініп, шетелден 200-ге тарта симментал тұқымды мал әкелуді жоспарлап отыр.
Тағы оқыңыз: СҚО-да қараусыз жүрген жылқы жеңіл автокөлікпен соқтығысқан