Қазақстанда 21 жасқа толмағандарға энергетикалық сусындар сатылмауы мүмкін. Бұл туралы Сенатта денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев айтты, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Вице-министр елімізде 21 жасқа толмаған тұлғаларға энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салу жоспарын растады. Алғаш рет мұндай ұсынысты былтыр экс-денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтқан болатын. Ол 21 жасқа дейінгілерге энергетикалық сусындарға тыйым салуды жастардың денсаулығына зиян деп түсіндірген еді.
«Энергетикалық сусындар әсіресе өскелең ұрпақ үшін зиянды, осыған байланысты 21 жасқа толмаған тұлғаларға шектеу енгізіледі. Бұдан бөлек, біз вендинг аппараттарында сатуға және жарнамаға тыйым салу нормасын қолдап жатырмыз», — деді спикер.
Сонымен қатар, Сұлтанғазиев алдағы уақытта Қазақстанда энергетикалық сусындарға, сондай-ақ құрамында қант бар өнімдерге салықты көтеруді де жоспарланғанын айтты.
Тағы оқыңыз: Уәлиханов ауданында Көрісу күні аталып өтілді