Үкімет Қаулысына сәйкес кезекті ауыл шаруашылығы санағы 2025 жылы өтеді. Ол үшін арнайы комиссия құрылды және бұл жұмысқа 5,2 млрд теңге жұмсалмақ, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Ұлттық статистика бюросында ауыл шаруашылығы саласындағы қауымдастықтардың басшыларымен, «Атамекен» ҰКП және ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдерінің қатысуымен фокус-топтың отырысы өтті, онда ауыл шаруашылығы санағының сауалнама сұрақтары талқыланды.
Бюро мамандары инфрақұрылым, еңбек ресурстары, мал басы, егіс алқаптары және техникалық жарақтандыру бойынша сұрақтарды қамтитын сауалнамаларды әзірледі.
Сауалнама парақтарының жобасы фокус-топтың назарына сала сарапшыларынан кері байланыс алу және ауыл шаруашылығы секторы қызметінің маңызды аспектілерін барынша қамту үшін ұсынылды.
Санақ ауыл шаруашылығы қызметін жүзеге асыратын ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын, шаруа және фермер қожалықтарын, ЖК, бау-бақша және саяжай кооперативтерін, ауылдық және қалалық жерлерде жеке қосалқы шаруашылық жүргізетіндерді қамтитын болады.
Естеріңізге сала кетейік, алғашқы ауыл шаруашылығы санағы 2006-2007 жылдары жүргізілген болатын.
Тағы оқыңыз:СҚО-да жедел жәрдем орталығы жаңа ғимаратқа көшіріледі