Қызылжар ауданының Большая Малышка ауылында жаңа өрт сөндіру пункті ашылды. Нысан «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасының аясында бой көтерді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Қызметтік көлік Новоникольское мен маңайындағы ауылдар арасында жүйткімек. Ауысым бойынша тер төгетін 20 қызметкер бар.
«Ауыл құтқарушылары» бағдарламасының арқасында біз ең шалғай елді мекендердің тұрғындарын қорғау үшін нақты жағдай жасап жатырмыз. Мұндай ерікті құрылымдар – бұл тек техника мен жарақ емес, сондай-ақ өз азаматтарымызға көмекке келуге дайын адамдар. Біз өңірлердегі өрттен қорғау желісін одан әрі нығайтып, жергілікті қауымдастықтармен өзара іс-қимылды күшейте береміз», – деді ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Ерлан Төрегелдиев.
Өрт сөндіру пункті «Большемалышкинскоее» шаруа қожалығының базасында құрылып, толыққанды жұмыс істеу үшін барлық қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Еріктілердің иелігінде жылы гараж, автономды сумен жабдықтау жүйесі, тұрмыстық үй-жайлар мен «Batyr Team» спорттық бұрышы бар.
Сонымен қатар, ұтқырлық пен жедел әрекет етуді арттыру мақсатында бекетке ТЖД тарапынан АЦ-2,5-50 өрт автоцистернасы, УАЗ жедел автокөлігі, мотопомпа, ауа үрлегіш, аспалы бүріккіш, сондай-ақ жауынгерлік киімдер мен нысанды экипировка жиынтықтары берілді.
Бекет Березов ауылдық округіндегі бірден бес елді мекеннің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Онда 1300-ден астам адам тұрады, бұл төтенше жағдай кезінде әрекет ету уақытын едәуір қысқартып, өрттен келетін залалды барынша азайтады.
Айта кету керек, «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында биыл СҚО аумағында Мерген, Ставрополка және Белое ауылдарында үш заманауи өрт сөндіру бекеті ашылып, олар 12 ауылдық елді мекенді қамтамасыз етуде. Сонымен қатар, үш өрт сөндіру нысанында реновация жұмыстары жүргізілді.
Тағы оқыңыз: СҚО-да автокөлік екі «Газельге» соғылды: жеңіл машинаның иесі ауыр халде

