М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті елімізде жарияланған ғылыми жобалар байқауының жеңімпазы атанды. Қозыбаев университеті жалпы сомасы 3 миллиард 270 миллион теңге көлеміндегі гранттық қаржыландыруға ие болды, деп жазады Qazaqstan Mediа.
Ғылыми жобалар байқуына ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі ұйымдастырды. Бұл қаржыландыру – өңірдің ғылыми-техникалық әлеуетін арттыруға бағытталған ірі қолдау ғана емес, сонымен қатар университеттің ғылыми-зерттеу саласындағы жоғары бәсекеге қабілеттілігінің көрсеткіші.
Байқау нәтижесінде Қозыбаев университетінің төрт ғылыми жобасы грант жеңімпазы ретінде танылды.

«Олардың ішіндегі ең ірісі – бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жобасы:«Халықтың денсаулығын қамтамасыз ету үшін Солтүстік Қазақстан облысының су ресурстарын мониторингілеу, тазарту және ұтымды пайдалану үшін жоғары технологиялық шешімдерді әзірлеу және енгізу». Бұл жоба өңірдегі экологиялық жағдайды жақсартуға, халық денсаулығын қорғауға және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға бағытталған»,-деп нақтылады университеттің баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, келесі үш жоба да ғылыми қоғамдастықтың назарын аудартты. Олар: «Техникалық бұйымдардың кең спектрін дайындау үшін қайталама полиэтилен негізінде ротациялық композиттерді қайта өңдеу технологиясын әзірлеу». «Солтүстік Қазақстан қоғамындағы бай рөлін, олардың экономикалық әлеуетін және шаруашылықтарды тәркілеу процестерін зерттеу».«Қазақстанның шекаралас өңірлерінің азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік саясатын жетілдіру: міндеттер мен шешу жолдары».
Гранттық жобаларды іске асыруда жетекшілік етіп отырған зерттеушілер – өз саласының білікті мамандары. Олар: Берилло Дмитрий Александрович, Тюканько Виталий Юрьевич, Темирханова Әсемгүл Серіковна, Әлібай Ерлан Ақылжанұлы.
Қозыбаев университеті соңғы жылдары ғылымды нақты өңірлік мәселелерді шешуге бағыттау арқылы өзін құзыретті ғылыми орталық ретінде танытып келеді.
Тағы оқыңыз: Петропавлда әйгілі ақын Жамбыл Жабаевтың көрмесі ашылды