8 сәуірден бастап су тасқыны қаупі жоғары болғандықтан, Қазақстанның Ұлттық гидрометеорологиялық қызметі тәулік бойы жұмыс режиміне ауыстырылды, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Бұл туралы ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі хабарлады. Барлық жердегі бақылаушылар, синоптиктер мен гидрологтар 24/7 кесте бойынша тұрақты негізде жұмыс істеген болатын. Енді оларға кәсіпорынның басшылығы, болжамды және ақпараттық қызметтері қосылды.
«Қазақстанның барлық облыстарында орналасқан барлық 15 филиалдан келіп түсетін ақпаратты өңдеу және талдау енді тәулік бойы жүргізіледі. Бүгінгі таңда су тасқыны қаупі бар аймақта Атырау, Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Шығыс Қазақстан облыстары және Абай облысы бар. Мұнда су объектілерін бақылау жылдам режимге ауыстырылды, нақты деректер үнемі өңделеді. Барлық дайын ақпарат мемлекеттік және жергілікті органдарға тәулік бойы келіп түседі», — делінген ҚР Экология министрлігінің хабарламасында.
Тағы оқыңыз: Петропавл қаласының әкімі: Судың келуін күтпей, қауіпсіз жерге көше беріңіздер