Елімізде 2016 жылы құрылған жергілікті полиция қызметі тиімділігін дәлелдей алмаған. Осыған байланысты еліміздің ішкі істер министрлігі жергілікті полиция қызметі мен әкімшілік полиция басқармасын қайта ұйымдастырады, деп хабарлайды Qazaqstan Мedia.
Жергілікті полиция қызметінің құрамында учаскелік инспекторлар, патрульдік, ювеналды, табиғатты қорғау полициясы және әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшелері болған. Бұл қызметтің міндетіне қоғамдық тәртіпті сақтап, құқық бұзушылықтардың алдын алу кірген еді. Бірақ оның орнына абаттандыру ережелерінің бұзылуын анықтап, құрылыс қалдықтарын шығару сынды екінші кезектегі жұмыспен айналысып кеткен. Осыған байланысты мәжілісте ішкі істер министрлігі жергілікті полиция қызметін таратуды ұсынды. Министрлік өкілдері ЖПҚ мен әкімшілік полиция басқармасын қайта ұйымдастырып, олардың базасында екі жаңа басқарма құру керек дейді. Ол – құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету басқармалары.
«Әр қызмет өзінің тікелей міндеттерімен айналысады. Сондай-ақ, көлік полициясы бөлімшелерін ретке келтіру мақсатымен «желілік» деген терминді «көлікте» деп өзгерту ұсынылуда. Ал әскери-тергеу органдары ішкі істер органдарының аумақтық құрылымынан алынып тасталады. Себебі, олар ІІМ құрамындағы дербес бөлімше ретінде бөлінген. Сонымен қатар, әкімшілік қамауға алынғандарды ұстауға арналған арнайы қабылдау орындарында орын жетіспеушілігіне байланысты, заң жобасында оларды уақытша ұстауға арналған қабылдау-бөлу орындарында ұстау тәртібі де қарастырылған», — деп хабарлады мәжіліс.
Одан бөлек, енді тәртіп сақшылары профилактиға басымдық беретін болды.
Тағы оқыңыз: СҚО-да егіс алқабының жартысынан астамына дән себілді