Алтыншы мамырдан бастап жол жүру қағидаларына енгізілген өзгерістер күшіне енеді. Мұнда жолдағы қауіпсіздікті нығайтуға арналған бірнеше заң қабылданған. Мәселен бұған дейін қос жалпақ сызықты кескені үшін жүргізуші айыппұл арқалайтын болса, енді біртұтас сызықты да кесіп өтсе жауапкершілікке тартылады, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Сонымен қатар елді мекендегі автобустардың жылдамдығын сағатына 50 км-ге дейін төмендету туралы шешім қабылданды. Жол қозғалысы қауіпсіздігін нығайту үшін бірнеше белгілер қосылды. Мәселен, электрокөліктер иесі қолдануы тиіс міндетті айырым белгісі, диагональды жаяу жүргіншілер өткелі белгісі, қарама-қарсы жүріс бөлігінің соңы, қарама-қарсы жүріс бөлігіне қайта ауысу белгілері енгізілді. Сондай-ақ жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тротуарларға электрлі самокаттардың жүрісіне тыйым салынады деген белгі қойылатын болады. Егер көлікке арналған жолдың жиегімен бақсаратын болса, міндетті түрде 18 жасқа толған және де жүргізуші куәлігінің кез келген санаты болуы керек.
Бұған дейін тірек-қимыл аппараты бұзылған 1 және 2 ші санаттағы мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін бірнеше жеңілдіктер болған. Олар арнайы мүгедектерге арналған тұрақ белгісіне немесе тыйым салынған аймақтарға тоқтай алатын. Енді бұл қатарға тірек-қимыл аппараты бұзылған 3 санаттағы ерекше жандар да қосылды. Бірақ олардың көліктерінде арнайы мүгедектікті білдіретін танымдық белгі болуы тиіс.
Тағы оқыңыз: СҚО-да полиция қызметкерін көлік қағып кетті