Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова медицина қызметкерлеріне қол көтергендер қанша жылға қамалатындығын айтты. Жаза түрі жасалған шабуылдың ауыртпалығына қарай екі жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыруды қарастырып отыр, деп жазады Qazaqstan Media.
Егер медициналық қызметкерге күш қолдану қаупі төнсе және факті тіркелген жағдайда 2 жылға дейін бостандығын шектеу жазасы көзделіп отыр.
«Мемлекет басшысы жаңа норманы әзірлеу жүктеді, біз норма жобасын әзірледік. Бүгінде Бас прокуратурамен, Ішкі істер министрлігімен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз, алдын ала оң қорытынды алынды. Қылмыстық кодекске медицина қызметкерлеріне күш көрсету, қол жұмсауға қатысты жеке бап енгізіледі. Бұл Қылмыстық кодектің жаңа 158-баптың 1-тармағы болады. Ол бостандықты шектеу немесе айыру жазасын қарастырады, — деді Ақмарал Әлназарова Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.
Ал егер бір медицина қызметкеріне қатысты күш қолданған жағдайда 2 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру, төтенше жағдай кезінде жасалған болса 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделіп отыр. Ал егер бұл әрекет бірнеше медицина қызметкеріне, яғни бір топ маманға қарсы бір немесе бірнеше адам тарапынан жасалса 15 жылға дейін сотталуы мүмкін.
Тағы оқыңыз: Қарасора өсіру үшін тұқымдарын интернет арқылы алған