Құтырма ауруының емі жоқ. Алайда, одан сақтану үшін екпе алу керек. Әсет Жұматаев өңірлік коммуникациялар қызметі өткізген брифинг барысында ағымдағы жағдай мен дерттен сақтану жолдарын айтты, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Құтырма — өте қауіпті, емделмейтін ауру. Адамға дер кезінде медициналық көмек көрсетілмесе, аман алып қалу мүмкін емес. Жұқпалы дертті негізінен үй және дала жануарлары таратады. Яғни, аталған тұяқтылардың сілекейі арқылы адамға жұғады. Соңғы кездері өңірде қаңғыған ит-мысықтардың көбеюінен аурудың бұл түрі тыйылмай тұр.
“2023 жылдың 1 тоқсанында облыс бойынша 211 адам антирабиялық көмекке жүгінді. 100 мың тұрғынға шаққандағы көрсеткіш – 39,3 құрады. Өңір бойынша 2022 жылдың 1 тоқсанымен салыстырғанда халықтың антирабиялық көмекке жүгінуінің 17,5% — ға артқаны байқалады. Бұл СҚО-да қаңғыбас иттердің көбеюуінен болуы мүмкін. Өйткені, соңғы кездері облыстың көптеген аудандарында иттердің тістеуінен кейін азаматтар медициналық көмекке жиі жүгінетін болған”, — деді Әсет Жұматаев.
Жекелей тоқтала кетейік. Биылдыққа Қызылжар ауданында — 13, Мамлютте — 9, Тайынша ауданында — 12, Аққайың ауданында — 9, Уәлиханов ауданында 8 тұрғынға антирабиялық көмек қажет болды. Петропавлда осы жылдың 1 тоқсанында 113 адам зардап шекті. Көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 21 жағдайға көбейген.
“Жануарлар тістеп алған жағдайда жараны 15-20 минут ішінде сабынмен жақсылап тұрып жуу керек. Міндетті түрде ол жерді 70% спиртпен немесе 5% йод тұнбасымен өңдеген абзал. Ең бастысы — құтырма ауруына қарсы иммундау жүргізілетін медициналық мекемеге жүгіну қажет”, — деді СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әсет Жұматаев.
Антирабиялық көмекке жүгінудің барлық жағдайлары бойынша эпизоотологиялық-эпидемиологиялық тергеу жүргізілді. Өтініш білдіргендердің ішінде 211 адамға вакцина қойылды.
Тағы оқыңыз: Биыл СҚО-да 3 адамды кене шақты