Соңғы уақытта көптеген қазақстандықтар киім-кешек пен күнделікті өмірге қажетті заттарды қытайлық Пиндуодуо сайты арқылы тапсырыс беріп алдыратын  болған. Әлеуметтік желідегі видеоларына қарасақ, шет ел заттарының нарықтағы бағадан бірнеше есе төмен екендігін көреміз. Бұл қаншалықты рас? Тауарлардың сапасы расымен сайтта көрсетілгендей болып келе ме? Бұл сұрақтарды Qazaqstan Media тілшісі Пиндуодуодан киім алдырып жүрген қала тұрғынына қойды.

Ақалтын Жақсылық қытайлық сайт жайлы алғаш Instagram, TikTok желілері арқылы білген. Онда нәзікжандылар тапсырыс берген заттардың елге қандай күйде жеткенін көрсеткен. Барлығы фотодағыдай, сапалы әрі бүлінбей келгендіктен, петропавлдыққа неліктен тапсырыс беріп көрмеске деген ой келген. Оның үстіне тауарлардың бағасы жергілікті дүкендерге қарағанда әлдеқайда арзан.

Осындай оң тұстарын ескеріп, көп ойланбай ақырындап тапсырыс беріп көрдім. Ең алдымен, отбасы мүшелеріне киім алдырттым. Тауар 15-20 күн ішінде Петропавлға жетті. Сапасы ойдағыдай болмай қалады ма деп қорыққаным рас. Алайда, тапсырыс қолыма тигенде, бекер күмәнданғанымды түсіндім. Өйткені, киім-кешектің барлығы фотодағыдай, яғни матасы, түр-түсі барлығы көңілден шықты”, — дейді петропавлдық.

Сайтта барлығы қытай тілінде жазылған. Осы ретте тапсырыс беру барысында тіл білмегендерге қиындық туындамай ма деген сұрақ келеді. Ақалтынның айтуынша, бағдарлама өзге тілде болса да оп-оңай тауар алдыртуға болады.

Өзім қытай тілін білмеймін. Ішінде аудармашы жоқ. Бірақ, сайтты бір адамнан оқып үйреніп алдым. Сол уақытта киімнің түсін, өлшемін қалай енгізу керектігі түсіндірілді. Мекен-жайды, картаны енгізу жолдарын көрсетті.  Сол бойынша тапсырыс беріп келемін”, — дейді Ақалтын Жақсылық.

Әлеуметтік желілерде жарияланған видеолардан Пиндуодуо сайтындағы тауарлардың бағасы таң қалдырады. Шыны керек, бір киімді 1000-2000 теңгеге алуға болатыны аздап сенімсіздік тудырады. Алайда, Ақалтын Жақсылық тауарлардың құны расымен сайтта көрсетілгендей тұратынын растады. Дегенмен, салмағы үшін үстінен ақша қосылады. Соның өзінде, тауар дүкендердегіден 3-4 есе арзанға  түседі.

Әзірге Пиндуодуоның зиянды жақтарын көрмедім. Тек пайдасы ғана байқалып жатыр. Осы сайт арқылы бизнес жасап отырған таныстарым да бар. Тауарды Қытайдан арзан бағада алдырдып, үстіне 2 есе бағасын қосып, табыс тауып отырғандар жетерлік. Бұлөте керемет мүмкіндік”, — дейді нәзікжанды.

Пиндуодуо сайтын бір рет жақсылап меңгеріп алғаннан кейін өзгелерге тапсырыс беруді үйрету арқылы да ақша табуға болады екен. Осы іспен айналысып жүрген бірнеше азаматтарды әлеуметтік желіден көрдік.

Тағы оқыңыз: Солтүстікқазақстандық спортшылар Әлем чемпионатында жүлдегер атанды

Поделиться:

Shares
Subscribe
Notify of
guest
0 комментариев
Oldest
Newest Most Voted
Inline Feedbacks
View all comments
0
Would love your thoughts, please comment.x
()
x