Тұрғындардан жолдарды қардан тазалау бойынша жүйелі түрде шағым түсетін болса, әр аудан әкімі жеке жауап беретін болады. Бұл жайында өңір басшысы Ғауез Торсанұлы облыстық әкімдікте өткен жиында айтты — деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Облыс әкімі аудан басшыларына қыс мезілінде жолдарды қалыпта ұстауды мықтап тапсырды. Жалпы 2023-2024 жылдарға облыс жолдарын қалыпта ұстауға бюджеттен 1,3 млрд теңге бөлініп отыр. Оның 400 млн теңгесі қыс мезгілінде қардан тазалауға бағытталған. Бүгінде бөлінген ақшаға 13 аудан бойынша 6 келісімге қол қойылыпты. Өңір бойынша қыста жолдарды 142 техника, 278 маман қардан тазалайтын болады. Сонымен қатар, аудандарда 220 ауыл шаруашылық құрылымдары көмек қолын созуға әзір. Сондай-ақ, бүгінгі күні жол жиегіндегі бұталарды кесу, шөптерді шабу, су өткізетін құбырларды тазалау сынды жұмыстар жүргізілуде.
«Аудан әкімдері қыс мезгілінде жолдарды қалыпта ұстау бойынша жауапты мамандарды бекіту керек. Егер қандай да мәселе болса, бірден ескертіңіздер. Оны бірлесе шешу керекпіз. Аудан әкімдері, проблеманы кейін шешеміз деп ысыра бермеңіздер. Егерде тұрғындардан қыс мезгілінде жолдарды тазалау бойынша жүйелі түрде шағымдар түсетін болса, әр қайсыңыз жеке жауап беретін боласыздар. Қыста орталық көшелерден ғана емес, шеткі көшелерден де қар шығарылатын болсын»-деді облыс басшысы.
Тағы оқыңыз: Биыл өңірде 25 көппәтерлі тұрғын үй қолданысқа беріледі