Солтүстік Қазақстан облысында заңсыз жүрген Ресей азаматы елден шығарылды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
«Заңсыз келуші» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында 57 жастағы ер адамның көші-қон заңнамасын бұзғаны анықталды. Қазақстан аумағында визасыз жүруге 90 күн ғана рұқсат етілген.
Алайда, ресейлік азамат бұл талапты орындамай, елде заңсыз тұруын жалғастырған.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, құқық бұзушы кінәсін толық мойындап, Қазақстанда қалуға еш негізі болмағанын растады. Ол жұмыс істемеген және танысының үйінде тұрған. Сот шешімімен оған бес тәулікке әкімшілік қамауға алу және бес жылға Қазақстан аумағынан шығару жазасы тағайындалды. Полиция қызметкерлері ер адамды мемлекеттік шекараға дейін жеткізіп салған.
«Заңсыз келуші» іс-шарасы барысында көші-қон заңнамасының 234 бұзушылығы анықталды. Оның ішінде 16 жұмыс беруші шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланғаны белгілі болды. Сонымен қатар, ТМД елдерінде іздеуде жүрген төрт адам ұсталды.
Тағы оқыңыз: Петропавлда жол апаты кезінде полиция майоры қаза тапты