Петропавлда Республика күніне орай ұлттық дәстүрді дәріптеген тағылымды шара өтті. Мереке аясында жеті бүлдіршіннің тұсауы кесіліп, ел ағалары сәбилерге ақ жол тілеп, ізгі ниет білдірді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Салтанатты рәсімге облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысты. Қазақ халқы тұсаукесер рәсіміне ерекше мән берген. Баланың алғашқы қадамына ақ жол тілеп, болашағы жарқын болсын деген ниетпен ала жіп кесілген. Ырым бойынша бұл рәсім көпке сыйлы, елге еңбегі сіңген азаматтарға тапсырылған. Бұл жолы да өңірге танымал тұлғалар бүлдіршіндердің тұсауын кесіп, ақ батасын берді.
«Тұсау кесу – қазақ дәстүрінің маңызды бөлігі. Осы рәсім баланың алғашқы қадамына ақ жол тілеп, үлкен өмірге адал аттасын деген ниетпен жасалады. Бүлдіршіндер бақытты, ғұмырлы болып, еліміздің іргесін нығайтуға үлес қосатын, ел намысын қорғайтын азаматтар болсын!», — деді СҚО құрметті азаматы Тілек Әбдірахманов.
Тұсаукесер – баланың өмір жолындағы алғашқы қадамына ақ жол тілейтін тағылымды дәстүр. Ала жіптің кесілуі адалдықты, алға ұмтылуды және өмірде сүрінбей жүруді білдіреді. Ал ел үшін маңызды мерекеде жасалған рәсімнің мәні де ерекше.
Тағы оқыңыз: Көк Туымыз көкке көтерілді

