Петропавлда Республика күні кең көлемде аталып өтті. Мереке барысында көк Туымыз көкке көтеріліп, концерт ұйымдастырылды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
1990 жылдың 25 қазаны. Дәл осы күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі мемлекеттік егемендік туралы декларацияны қабылдады. Тарихи құжат еліміздің тәуелсіздікке қарай жасаған маңызды қадамдарының бірі болды. Содан бері бұл дата елдігімізді дәріптеп, ұлттық рухты асқақтататын айтулы күн ретінде аталып келеді. Бүгін Петропавлда да мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды. Салтанатты бағдарламаның шымылдығы көк Туымызды көтеру рәсімімен ашылды.
Әнұран шырқалып, көк байрағымыз биікке көтерілді. Көк аспанмен астасқан Ту салтанатты рәсімге ерекше сән берді. Елдіктің белгісіне айналған көк байрақ – азаттықтың айғағы, тәуелсіздіктің тұғыры. Сондықтан оны қастерлеп, биік ұстау – әрбір қазақстандықтың ортақ міндеті.
Мерекелік рәсімнен кейін жұртшылыққв орталық алаңда концерттік бағдарлама ұсынылды. Шараға облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов пен өңірдің дамуына үлес қосқан ардагерлер қатысты. Олардың қатарында қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жангелді Тәжин де бар. Ол егемендік туралы декларация қабылданған тарихи сәтті еске алды.
Көк Туымыз көкке көтерілді
«Бұл күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаттары егемендік туралы декларацияны қабылдады. Маңызды құжат 17 баптан тұрды. Соның негізінде Қазақстан Республикасының алғашқы Конституциясы жазылды. Сол күн әлі есімде. Қуанышымыз қойнымызға сыймай, бір-бірімізден сүйінші сұраған едік. Жастар Республика күнінің мән-маңызын түсініп, егемендіктің қалай келгенін ұғынулары қажет. Тарихымыздағы батыр бабаларымызды ұмытпаған жөн», — деді Жангелді Уақпанұлы.
Биыл Қазақстан тәуелсіздігінің 35 жылдығын атап өтеді. Осы уақыт аралығында Мемлекет басшысының парасатты саясатының арқасында еліміз дербес мемлекет ретінде қалыптасып, халықаралық аренада өз орнын айқындады. Алдағы міндет – ел бірлігін нығайтып, қол жеткізген жетістіктерді еселей түсу. Өйткені тәуелсіздіктің тұғыры – татулықта, ал жарқын болашақтың кепілі – ортақ мақсат пен жауапкершілікте.