Ауылдан жеткізілген балғын өнім және тұрғындарға тиімді баға. Петропавлда ауқымды ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Мағжан Жұмабаев көшесіне жиналған шаруалар еттен бастап, сүт өнімдері мен көкөніске дейінгі түрлі тауар ұсынды. Сауда алаңында жалпы көлемі мың тоннадан асатын ауыл шаруашылығы өнімі сатылды.

«Жәрмеңкедегі тауарлардың бағасы нарықтағыдан 10-15 пайызға төмен. Сиыр мен қой еті 3 мың теңгеден саудалануда. Жылқы еті 3300 теңгеден сатылып жатыр», — деді СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Талғат Наурызбаев.

Саудаға шығарылған тауарлардың арасында халық жиі тұтынатын азық-түлік мол. Ет пен сүт өнімдері, жұмыртқа және көкөніс тұрғындарға нарықтағы бағадан төмен ұсынылды. Шарада жұмыртқаның ондығы – 500 теңгеден, бір литр сүт – 250 теңге, қаймақтың келісі – 2700 теңге, пияз, картоп, сәбіздің келіден 130 теңгеден саудаланды.

Жәрмеңкеде табиғи өнім өндірушілер де өз тауарларын көпшілікке таныстырды. Солардың бірі – отыз жылдан астам уақыттан бері омарташылықпен айналысып келе жатқан Олег Гаврилов. Кәсіпкердің шаруашылығында жүзден астам ара ұясы бар. Ол бұл жолы сатып алушыларға бал мен ара шаруашылығынан алынатын өнімдердің 40-тан астам түрін ұсынды.

Петропавлда өткен ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде мың тоннадан астам өнім саудаланды
Петропавлда өткен ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде мың тоннадан астам өнім саудаланды

«Біз тек табиғи әрі сапалы бал ғана сатамыз. Ара шаруашылығы өнімдері адам ағзасына өте пайдалы. Суық тиіп, ауырған кезде жазылуға көмектеседі. Асқазан ауруларын емдейді. Петропавлда өтетін жәрмеңкелерге қатысып келе жатқаныма 20 жылдан асты», — деді омарташы Олег Гаврилов.

Төрт түлік өсіретін қада халқы да жәрмеңкеден өзіне қажеттісін таба алады. Бұл жолы саудаға екі жүз тоннадан астам жемшөп шығарылды. Бидайдың бір тоннасы 55 мың теңгеден, ал астық қалдықтары 35 мың теңгеден сатылды.

Сауда алаңынан керегін тапқан тұрғындар өнім сапасы мен бағасына көңілдері толатынын жеткізді. Әсіресе, қысқа азық-түлік қорын жинап жүргендер үшін мұндай жәрмеңкенің маңызы зор. Айта кетейік, жыл басынан бері Петропавлда ауыл шаруашылығы өнімдерінің 215 жәрмеңкесі өткізілген.

Тағы оқыңыз: Қозыбаев университетіне биыл үш мыңнан астам студент қабылданды

Поделиться:

Shares