Солтүстік Қазақстан облысының Бескөл ауылында құны 5,1 млрд теңге болатын жаңа емхана ашылды. Медициналық мекеме бір ауысымда 250 адамды қабылдай алады. Бұл бұрынғы емханадан 100 адамға артық. Жаңа нысанның техникалық ашылуына Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова қатысты, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Бұған дейін дәрігерлер арнайы салынбаған ескі ғимаратта жұмыс істеген. Ол бастапқыда акушерлік-гинекологиялық қызметке арналған. Орын тапшылығынан мамандар екі ауысымда қабылдау жүргізуге мәжбүр болыпты.  Сондай-ақ науқастарды бөлек қабылдауға мүмкіндік болмаған.

Қызылжар ауданында жаңа емхана ашылды
Қызылжар ауданында жаңа емхана ашылды

«Адам емханаға анықтама алуға келіп, тұмаумен ауырған науқастың жанында отыруы мүмкін еді. Енді ересектер мен балаларға арналған бөлек сүзгі кабинеттері болады. Туберкулез қызметінің де жеке кіреберісі қарастырылған. Барлық дәрігеріміз бір ауысымда жұмыс істей алады», – деді Қызылжар аудандық орталық ауруханасының директоры Смайыл Сатин.

Жаңа ғимаратқа 184 қызметкер көшеді. Оның 44-і – дәрігер. Биыл аудандық ауруханаға тағы 16 дәрігер жұмысқа қабылданған. Олардың 12-сі – жас маман.

Емхананы аралаған денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова ауыл медицинасына мамандар тарту мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, соңғы үш жылда медицина қызметкерлерінің еңбек жағдайын жақсарту және әлеуметтік қолдау көрсету үшін үш заңнамалық өзгерістер пакеті қабылданған.

Қызылжар ауданында жаңа емхана ашылды
Қызылжар ауданында жаңа емхана ашылды

«Жергілікті атқарушы органдар көрсететін әлеуметтік қолдау шаралары жеті есеге артты. Қазір депутаттармен бірлесіп, медицина қызметкерлеріне лайықты еңбек жағдайын жасауға бағытталған жаңа түзетулермен жұмыс істеп жатырмыз», – деді министр.

Әзірге емхана техникалық тұрғыда ғана ашылды. Мұнда науқастарды толық қабылдау желтоқсанның соңы немесе 2027 жылдың қаңтар айының басында басталады деп жоспарланған. Оған дейін медициналық жабдықтарды орнату және ғимаратты пайдалануға дайындау жұмыстары аяқталуы тиіс.

Тағы оқыңыз: СҚО-да есірткі қылмысына қатысты 217 дерек тіркелді

Поделиться:

Shares