Петропавлда Республика күніне орай жастар арасында «Республика эрудиттері» атты зияткерлік ойын ұйымдастырылды. Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледжде өткен сайысқа 80-ге жуық студент қатысты, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Қатысушылар бес кезең бойынша білімдерін сынап, тапқырлықтары мен логикалық ойлау қабілеттерін көрсетті.
Іс-шара «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында өтті. Басты мақсат – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, патриоттық тәрбиені нығайту және сыни ойлау қабілетін дамыту.

Ойын барысында командалар тарихи деректердің дұрыстығын анықтап, оқиғаларды даталармен сәйкестендірді. Сондай-ақ белгілі тұлғаларды дәйексөздер мен сипаттамалар арқылы танып, түрлі сұрақтарға жауап берді.

«Біздің командамыз «Патриот» деп аталады. Бұл атауды бүгінгі іс-шараның тақырыбына сай таңдадық. Біз өте ұйымшыл командамыз. Мұндай шаралар жастар үшін пайдалы деп ойлаймын. Өйткені еліміздің тарихы мен Конституциясын жақсы білу маңызды», — деді Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледж студенті Ирина Поскодная.

Сайыс қорытындысы бойынша үздік командалар дипломдармен және тәтті сыйлықтармен марапатталды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай зияткерлік ойындар жастардың білімін жетілдіріп, ел тарихына деген қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.

Тағы оқыңыз: Қазақстанда сарбаздар алғашқы алты айда оқу орталықтарында дайындықтан өтеді

Поделиться:

Shares