Қазақстанда мерзімді әскери қызметті өтеудің жаңа тәртібі енгізіледі. Енді сарбаздар алғашқы алты айда оқу орталықтарында дайындықтан өтеді. Қалған алты айда әскери бөлімдерде қызмет етеді. Бұл өзгеріс Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында мақұлданды, деп жазады Qazaqstan Media.

Әскери қызметтің жалпы ұзақтығы өзгермейді. Ол бұрынғыдай 12 ай болады. Жаңа жүйеде сарбаздардың жауынгерлік дайындығына басымдық беріледі.

Реформа аясында әскери қызметшілердің қауіпсіздігін күшейту жоспарланған. Олардың құқықтарын қорғау үшін Әскери қызметшілер істері жөніндегі уәкіл институты құрылады. Сондай-ақ әскердегі тәртіпті нығайту және жарғыға қайшы әрекеттердің алдын алу шаралары қабылданады.

«Қарулы күштердің сапасын өзгерту міндеті қойылды. Өзгерістер басқару ісін, әскери қызметшілерді даярлауды, кадр саясатын, әскери білім беруді, қорғанысты жоспарлау мен технологиялық жарақтандыруды қамтуға тиіс», – деді Президент.

Сонымен қатар Қазақстанда Ұшқышсыз жүйелер күштері құрылады. Әскери мектептер желісі кеңейтіліп, жастардың әскери-патриоттық дайындығы жетілдіріледі.

Жоспардағы ұйымдастыру жұмыстары 2026 жылдың соңына дейін, ал негізгі өзгерістер 2027 жылы жүзеге асырылады. Реформаның орындалуын Үкімет пен Қауіпсіздік Кеңесі бақылайды.

Тағы оқыңыз: Республика күніне орай СҚО-дағы сауда орындарында тауарлар 30%-ға дейін жеңілдікпен сатылуда

Поделиться:

Shares