23 қазанда Петропавлда «Дала дәмі» атты ауқымды ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді. Қала тұрғындары ет, сүт, көкөніс, картоп, ұн және басқа да азық-түлік түрлерін нарық бағасынан 10–15 пайызға арзан сатып ала алады. Жәрмеңкеге Солтүстік Қазақстан облысының барлық аудандары мен Петропавл қаласының тауар өндірушілері қатысады, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Бұл күні өңірдің шаруалары мен қайта өңдеу кәсіпорындары өз өнімдерін тұрғындарға тікелей ұсынады. Сөрелерде жаңа сойылған ет, шұжық, сүт өнімдері, қымыз, жұмыртқа, балық, бал, ұн, жарма, макарон және тәтті тағамдар болады. Сондай-ақ картоп пен көкөністің түр-түрі сатылады.
Жәрмеңкеге өңірге танымал кәсіпорындар да қатысады. Атап айтқанда, «Зенченко и К», «Масло-Дел Петропавловск», «Саумалкөл SUT», «Лера NORD», «Ростан» кәсіпорындары сүт өнімдерін ұсынады.
Ал «Эрсалды», «Шатило и К», «Екпін 2002», «Жолдасбай-Агро» шаруашылықтары ет өнімдерін әкеледі. «Арқалық» пен «Рамазан» шаруашылықтарының қымызы да саудаға шығарылады.
Бұдан бөлек, «Сұлтан ЭММК», «Hikmet LTD», «Agrimer Mamlutka» және басқа да кәсіпорындар ұн, макарон және өзге де өнімдерін сатады. Тұрғындар жергілікті шаруашылықтар өсірген картоп пен көкөністі де тиімді бағамен сатып ала алады.
Жәрмеңке қаланың үш жерінде ұйымдастырылады. Азық-түлік пен мал азығы бөлек сатылып, тұрғындарға қажетті өнімді оңай табуға мүмкіндік жасалады.
Жәрмеңке өтетін орындар:
- Азық-түлік жәрмеңкесі – Мағжан Жұмабаев көшесінде, Интернационал және Абай көшелерінің аралығында. Мұнда ет, сүт, көкөніс, картоп және басқа да тағам түрлері сатылады.
- Жем-шөп жәрмеңкесі – Абай көшесінде, Пионер көшесіне дейінгі аралықта. Бұл жерден жемдік астық, астық қалдықтары, кебек және басқа да мал азығын алуға болады.
- Шөп пен сабан жәрмеңкесі – Жұмысшы кенті, Космонавтар көшесі, 79/1 мекенжайында өтеді.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, өнімдердің бағасы нарықтағыдан орта есеппен 10–15 пайызға төмен болады.
Тағы оқыңыз: Петропавлда Республика күніне арналған зияткерлік сайыс өтті

