13–15 қазан күндері Астанада конькимен жүгіруден Қазақстан чемпионаты өтті. Байрақты бәсекеде Солтүстік Қазақстан облысының спортшылары жоғары нәтиже көрсетіп, жүлделі орындарға ие болды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Жарысқа еліміздің тоғыз өңірінен 100-ге жуық спортшы қатысты. Чемпионат қорытындысы бойынша әлем кубогының кезеңдеріне қатысатын ұлттық құрамалар жасақталды. Додада Кристина Шумекова бес қашықтық бойынша сынға түсіп, төрт алтын және бір күміс медаль жеңіп алды. Спортшы 3000, 1000 және 1500 метр қашықтықтарда, сондай-ақ командалық жарыста топ жарды. Ал 500 метрде мәреге екінші болып жетті.
Алина Шумекова масс-старт пен командалық жарыста қарсыластарынан озып, екі алтын медаль иеленді. Ал Варвара Глухова командалық жарыс пен командалық спринтте үздік атанып, екі мәрте чемпиондық тұғырға көтерілді.
Командалық спринтте Солтүстік Қазақстан облысының спортшылары мәре сызығын бір минут 34 секундта бағындырды. Екінші-үшінші орынды Астана қаласы мен Павлодар облысының құрамалары иеленді.
Айта кету керек, ел чемпионатында өңір спортшылары алты алтын және біркүміс медаль жеңіп алды.
Тағы оқыңыз: Жерлес театр гастролдік сапармен оңтүстік өңірлерді аралап жүр

