Қазақстанда шұғыл түрде ауруханаға жатқызылған азаматтың жағдайы туралы жақындарына автоматты түрде хабар беруге мүмкіндік беретін жаңа сервис іске қосылды. Қызмет eGov.kz порталы мен eGov Mobile қосымшасында қолжетімді, деп жазады Qazaqstan Media.

Жаңа мүмкіндік әсіресе жол-көлік оқиғасына түскен, денсаулығы кенеттен нашарлаған немесе басқа себептермен ауруханаға жеткізіліп, жақындарына өзі хабар бере алмайтын жағдайларда қажет. Пайдаланушы алдын ала үш адамға дейін сенім білдірілген байланыс ретінде тіркей алады. Егер азамат шұғыл емдеуге жатқызылса, осы адамдарға тиісті хабарлама жіберіледі.

Қызмет «Емдеуге жатқызылған жағдайда хабарлау үшін сенім білдірілген байланыстарды тіркеу» деп аталады. Оны пайдалану үшін eGov.kz порталында авторизациядан өтіп, қызметті таңдап, сенім білдірілген адамның ЖСН-ын көрсету қажет.

Сенім білдірілген адам 18 жастан асқан және Мобильдік азаматтар базасында тіркелген болуы тиіс. Одан кейін пайдаланушы дербес деректерді өңдеуге және денсаулық жағдайы туралы мәліметтерді беруге келісімін растайды. Таңдалған адамға SMS-хабарлама келеді. Тіркеуді растау үшін 911, ал бас тарту үшін 912 кодын жауап ретінде жіберу керек. Шешім қабылдауға бес сағат уақыт беріледі. Сенім білдірілген адам келісім бергеннен кейін пайдаланушы өтінішке қол қояды. Мәліметтер Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйесіне жіберіліп, өтініш 10 минутқа дейін өңделеді.

eGov Mobile қосымшасында сервис «Мемлекеттік қызметтер» → «Денсаулық сақтау» бөлімінде орналасқан. Тіркеу мәртебесін eGov.kz порталындағы «Менің бейінім – Жеке кабинет» бөлімінен, ал eGov Mobile қосымшасындағы «Хабарламалар – Жеке кабинет тарихы» бөлімінен тексеруге болады.

Қызметтің мақсаты – төтенше жағдайда науқастың жақындарына ақпаратты барынша жедел жеткізіп, олардың пациентпен немесе медициналық ұйыммен дер кезінде байланысуына мүмкіндік беру.

Тағы оқыңыз: СҚО-да құмар ойын ойнап, бәс тіккен үш мемлекеттік қызметкер жұмыстан босатылды

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *