2025 жылдан бері СҚО-да мемлекеттік қызметшілердің құмар ойындар мен бәс тігуге қатысуына қатысты тоғыз дерек анықталған. Заң талаптарын бұзған мемлекеттік қызметшілердің барлығы мемлекеттік қызметтен босатылыпты, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті мәлімдеді.
Департамент мәліметінше, өткен жылы құмар ойындар мен бәс тігуге қатысқан мемлекеттік қызметшілердің үшеуі — Ақжар ауданында, екеуі — Тайынша ауданында, біреуі Есіл ауданында тіркелген. Биыл Петропавл қаласында тағы үш дерек анықталыпты.
«Құмар ойындар мен бәс тігу мемлекеттік қызметшілер үшін әсіресе ауыр салдарға әкелуі мүмкін. Себебі олардың әрбір әрекеті жеке беделіне ғана емес, мемлекеттік органдарға деген қоғамның сеніміне де әсер етеді, — дейді департаменттің бас маманы Евгений Яковенко.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстық департаменті мемлекеттік қызметшілердің құмар ойындар мен бәс тігуге қатысу фактілерін анықтап, заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылдау бойынша жүйелі жұмыс жүргізеді. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңға сәйкес, мемлекеттік қызметші лауазымға кіріскен күннен бастап 30 күнтізбелік күн ішінде «eGov mobile» мобильді қосымшасы арқылы құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысуға шектеу қоюға міндетті.
Тағы оқыңыз: Петропавлда көлік жөндеймін деп жұртты алдаған күдікті ұсталды

