Ғ.Мүсірепов ауданы Новоишимское ауылында жылу тарифі 36,5 пайызға арзандады. Бұрын 1 шаршы метр үшін 372 теңге болса, қазір тариф 236 теңгені құрайды. Бұл – мемлекет қарауына өткен жаңа коммуналдық кәсіпорынның құрылуы мен жылу инфрақұрылымын жаңарту жұмыстарының нәтижесі, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Жылыту маусымына дейін орталық және әлеуметтік нысандардың қазандықтарында барлық қажетті жұмыстар атқарылды. Бүгінде қазандықтар штаттық режимде жұмыс істеп тұр.

Жылу өндіру, тарату және жеткізу қызметтері жаңадан құрылған «Алпаш» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына берілді. Оның жарғылық капиталының 100 пайызы мемлекетке тиесілі.

«Бұрын Черемушки шағын ауданындағы ескі қазандық жеке меншікте болған және оның жағдайы қанағаттанарлықсыз еді. Сол себепті жаңа блок-модульді қазандық сатып алу және орнату туралы шешім қабылданды.

205,9 млн теңгеге жүргізілген жұмыстар толық аяқталып, жаңа қазандық іске қосылды. Сонымен қатар оған екі көпқабатты тұрғын үй қосымша қосылды»,- деді брифингте аудан әкімі Руслан Анбаев.

Ауылда жылу жүйелерін жаңарту да жалғасын тапты. Жұмабаев шағын ауданындағы қазандық пен жылу құбырларына ағымдық жөндеу жүргізілді. Бұл жұмыстарға 35 млн теңгеден астам қаражат жұмсалды.

Тарифтің 36,5 пайызға төмендеуіне екі негізгі фактор себеп болды: жылу жүйелерін мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынға беру және оның тарифті төмендету мүмкіндігі; жаңа кәсіпорын қызметін субсидиялау.

«2024 жылдан бері Новоишимское ауылында жалпы құны 2,7 млрд теңгені құрайтын тарату жылу желілері салынуда. Жұмысты «Даниер» ЖШС атқарып жатыр. Алайда шамамен 880 млн теңгенің жетіспеуіне байланысты оны толық іске қосу 2026 жылға жоспарланған.

Жоба толық аяқталғаннан кейін қазіргі уақытта автономды қазандықтармен жылытып отырған көпқабатты үйлер орталық жылу жүйесіне қосылады. Бұл тұрғындардың шығындарын айтарлықтай азайтады»,- деп отыр аудан басшысы.

Қазір олар 1 шаршы метр үшін 600 теңге төлесе, орталық жүйеге қосылғаннан кейін тариф 236 теңгеге дейін төмендейді.

Тағы оқыңыз: Петропавл әкімі сынған аялдаманы жөндетіп, қоқыс пен ағаш мәселесін шешуді тапсырды

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *