Мәжіліс депутаттары бастаған арнайы топ солтүстікқазақстандық кәсіпкерлермен кездесті
Ауыл шаруашылығы саласындағы өзгерістер, азық-түлік қауіпсіздігі және облыстағы кәсіпкерліктің дамуы. Өңірге жұмыс сапарымен келген Мәжіліс депутаттары бизнес өкілдерімен кездесті, деп жазады Qazaqstan Media.
Халық қалаулылары өздерімен бірге Ұлттық экономика, Ауыл шаруашылығы және Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрлерін ерте келген. Алқалы отырысты аймақ басшысының орынбасары Қанат Дүзелбаев ашып, саланың даму қарқынына тоқталды.
Мәжіліс депутаттары бастаған арнайы топ солтүстікқазақстандық кәсіпкерлермен кездесті
«Қазіргі таңда облыста 36 мың шағын және орта бизнес өкілі бар. Олардың саны жыл сайын еселеп артуда. Кәсіпкерлер ашқан өндіріс орындарында 106 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Бұл өңірдегі жұмыссыздық санын азайтуға септігін тигізеді»-, деді СҚО әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаев.
Солтүстік Қазақстан облысы — аграрлы аймақ. Мемлекет тарапынан ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған түрлі шаралар қабылдануда. Көрсетіліп жатқан қолдау да жетерлік. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков бізд жүзеге асып жатқан тың жобалармен бөлісті. Бұл ақпардың кәсіп бастауға оқталып отырған жандар үшін пайдасы мол.
Мәжіліс депутаттары бастаған арнайы топ солтүстікқазақстандық кәсіпкерлермен кездесті
«Биыл ауыл шаруашылығына 1 трлн теңге қаржы бөлінді. Бұндай қолдау бұрын-соңды болмаған. Сонымен қатар, кәсіпкерлер «Даму» қорынан 15 пайыз ғана кепіл ұсынып қаржы ала алады», — деді Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков.
Қазіргі таңда мемлекет тарапынан шағын және орта бизнес өкілдеріне зор қолдау көрсетіліп жатыр. Шыны керек, көбі іске қосылған бағдарламалар жайлы біле бермейді. Ал мүмкіндікті уақытылы пайдаланғандар бүгінде табысқа кенеліп жүр.
Солардың бірі — Айнұр Басмалиева. 10 жылға жуық тәжірибесі бар тігінші бизнесін үй жағдайында бастаған. Кейін одан әрі кәсібін дамыту үшін мемлекеттен қайтарымсыз грант ұтып алыпты. Қазір шапан, кәжекейлерге ою тігумен айналысады.
Мәжіліс депутаттары бастаған арнайы топ солтүстікқазақстандық кәсіпкерлермен кездесті
«Берілген қаражатқа оюды өзі тігетін арнайы қондырғы алдым. Мемлекет қолдауының арқасында кәсібім алға басты. Өзімнің жеке дүңгіршегімді аштым. Қазір айына бір млн-нан астам табыс табамын»,-дейді шебер.
Бүгінгі шараға 50-ден астам кәсіпкер қатысып, көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойды.