Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне (МӘМС) енгізіліп жатқан жаңа өзгерістер халықтың әлеуметтік осал топтары үшін маңызды қолдау шараларын қарастырады. 2026 жылдан бастап СҚО-да мыңдаған тұрғын медициналық көмекті тегін немесе жеңілдетілген түрде ала алады, деп жазады Qazaqstan Media.
Өңірде жарнаны өз бетінше төлей алмайтын азаматтар бар. Сол себепті олар медициналық қызмет алу мүмкіндігінен айырылып келген. Бұл мәселені шешу үшін 2026 жылдан бастап: дағдарыстық және шұғыл санаттардағы азаматтар (D және Е санаттары), ресми тіркелген жұмыссыздар медициналық қызметтерді жергілікті атқарушы органдар есебінен ала алады. Жарналар тұрғындардың медициналық көмекке жүгіну фактісі бойынша төленеді. СҚО бойынша әлеуметтік осал топтарға 26 312 адам жатады: D санаты — 19 872 адам, Е санаты — 6 440 адам. Сонымен қатар өңірде ресми түрде 4 650 жұмыссыз тіркелген.
«МӘМС жүйесінде жарналарды кемінде бес жыл қатарынан төлеген азаматтар үшін маңызды өзгеріс енгізілуде. Енді төлемді уақытша тоқтатқан жағдайда сақтандыру мәртебесі алты айға дейін сақталады. Мысалы, азамат жұмысынан айырылған жағдайда осы кезеңде медициналық қызметтерді МӘМС бойынша пайдалана алады, алайда кейін өткізіп алған айлар үшін қарызды өтеуі қажет»,-деп түсіндірді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Солтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалының директоры Айнагүл Давлетчина.
СҚО тұрғындары жыл сайын қымбат медициналық қызметтерді МӘМС және ТМККК есебінен ала алады. 2025 жылдың басынан бері өңірде 41 жоғары технологиялық операция жасалды. Оның жалпы құны — 257,4 млн теңге.
«Сақтандырылмаған тұрғындар да қажет болған жағдайда шұғыл жоғары технологиялық көмекті ТМККК шеңберінде ала алады. Облыстағы барлық емханаларда пациенттерді қолдау қызметтері жұмыс істейді. Тұрғындар 1414 бірыңғай нөміріне, mcqory.kz сайтына, Qoldau 24/7 қосымшасына немесе SaqtandyryBot Telegram-ботына жүгіне алады.
Егер медициналық қызмет көрсетуден бас тарту немесе сапасына шағым туындаса, тұрғын міндетті түрде осы арналардың бірінде ресми өтініш қалдыруы тиіс»- Айнагүл Давлетчина.
Тағы оқыңыз: Қазақстанда «Жасанды интеллект туралы» Заңға қол қойылды

