Қазақстанда Заң арқылы жасанды интеллект жүйелері қызметінің негізгі қағидаттары енгізілді. Жасанды интеллект жүйелері ақпараттандыру нысаны ретінде анықталды. Жасанды интеллект адамның белгілі бір міндеттерді орындау құралы ретінде қарастырылады, деп жазады Qazaqstan Media.
Енді заң бойынша, меншік иелері мен пайдаланушылар жасанды интеллект жүйелерін қолдану кезінде өзінің атқаратын рөліне қарай жауап береді. Меншік иелері мен пайдаланушыларға жасанды интеллект жүйелерінің жұмыс істеуі мәселелері бойынша тәуекелдерді басқару, қауіпсіздік пен сенімділікті қамтамасыз ету, қолдау көрсету міндеттері жүктелген.
Сонымен қатар заңдылық, әділеттілік, теңдік, ашықтық және түсініктілік, адам игілігіне басымдық беру қағидаттары бекітілді. Оның шешім қабылдаудағы еркіндігі, деректерді қорғау және құпиялылық, қауіпсіздік пен қорғаныс қағидаттары бекітілді.
Жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын қорғау, сондай-ақ құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында ҚР аумағында бірқатар мүмкіндіктерге ие жасанды интеллект жүйелерін құруға және пайдалануға тыйым салынды.
Жасанды интеллектіні қолдану нәтижесінде жасалғанынан хабардар болу үшін мұндай тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді таңбалау талабы енгізілді.
Жасанды интеллект жүйелерін жасауға және үдемелі дамытуға арналған платформалар құрудың әлемдік тәжірибесін ескере отырып, ұлттық жасанды интеллект платформасының қызметіне қатысты заңнамалық негіздер қалыптастырылды.
Платформа шектеулі мерзім ішінде бағдарламалық өнімдерді, жасанды интеллект моделдерін әзірлеуге, оқытуға және сынақтан өткізуге пайдаланылады.
Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады.
Тағы оқыңыз: СҚО-да екі күнде бірнеше жол апаты болып, бір адам көз жұмды

